Қазақстандық «Астана» футбол клубына инвестор табылды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
«Астана» – белгілі бір тарихы бар өз клубымыз. Ол бұған дейін де белгілі бір биіктерге жеткен, үнемі бірыңғай оператор – Спорт қоры арқылы қаржыландырылып келді. Биыл біз бұл клубты коммерцияландыруды жоспарлап отырмыз. Клубтың тарихы бар, халықаралық деңгейде де танымал, сондықтан инвестор табуда мәселе болмайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда бұл мәселе пысықталып жатыр. Жаңа жылдан кейін қай инвестор клубты сатып алатыны туралы толығырақ ақпарат береміз», – деді ол.
Министр инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын атап өтті.
«Бірақ инвестор бар. Сондай-ақ бес клуб бойынша білесіздер – олар коммерцияландырылған. Тағы бес клуб бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Қалған жеті клуб бойынша оларды қамтамасыз ете алатын адамдарды іздеу процесіндеміз», – деп түсіндірді Ербол Мырзабосынов.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Ордабасы» футбол клубын жеке секторға беру жоспары туралы айтты. Ол шымкенттік клубқа қатысты да жұмыстар жүргізіліп, қазіргі уақытта бірден бірнеше әлеуетті инвестормен талқылаулар өтіп жатқанын мәлімдеді.
Оған дейін Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды.
Сондай-ақ «Елімай» футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.
Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.