Astana International Exchange биржасы коммерциялық қағаздарды іске қоспақ, деп хабарлайды биржа.
Коммерциялық қағаздар – қамтамасыз етілмеген қысқамерзімді борыштық міндеттеменің жалпы қабылданған түрі, оны компаниялар кредит қабілеттілігін растаумен, қысқамерзімді айналымдық капиталдағы өз қажеттіліктерін қаржыландыру үшін шығарады (жалақы төлеу, өнім берушілермен есеп айырысу, тауарлық-материалдық қорларды толықтыру, эмитенттің негізгі қызметімен байланысты басқа да операциялық шығыстар).
«АІХ биржасы айналымдық капитал тартудың тағы бір тез және экономикалық тиімді тәсілін қазақстандық бизнеске ұсынып отыр. Банк кредиттері мен қаржы институттарындағы қарыздар сияқты басқа ықтималды көздермен салыстырғанда, коммерциялық қағаздар анағұрлым төмен кредиттік мөлшерлеме бойынша қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ете алады. Бұл эмитенттердің қажеттіліктерін оңай қанағаттандыра алатын икемді қаржылық құрал», деді AIX бас директоры Ренат Бектұров.
Коммерциялық қағаздар кәсіби (аккредиттелген) инвесторларға кез келген номиналмен ұсыныла алады. Ұсыныс тек Аккредиттелген инвесторларға арналғанын ескере отырып, олар 100 000 АҚШ долларынан кем емес сомаға лоттармен сатылатын болады. Коммерциялық қағаздардың сатып алушылары ретінде корпорациялар, қаржы мекемелері, дәулетті жеке тұлғалар мен қысқамерзімді инвестициялар қорлары болады.
Коммерциялық қағаздар әдетте ағымдағы нарықтық кірістілікті көрсететін дисконтпен (номиналдан арзанырақ) орналастырылады. Коммерциялық қағаздарды өтеу мерзімі, әдеттегідей, бірнеше күнді құрайды, бірақ 365 күннен аспауы тиіс.