Сурет АХҚО баспасөз қызметінен
"Астана" халықаралық қаржы орталығына қарасты "Астана" биржасында (Astana International Exchange немесе AIX) тіркелген компанияларға ақша салып, салған ақшаны көбейтудің екі жолы бар.
Біріншісі — компаниялардың акциясын сатып алу. Яғни компаниядан үлес алу.
Екіншісі — компанияның облигациясын алу. Яғни компанияға қарызға ақша беру.
Жеке компаниялардың, ұлттық компаниялардың және мемлекеттік органдардың, сонымен қатар шетелдік компаниялардың акциясын да, облигациясын да алуға болады.
Қандай компаниялардың акциялары мен облигациялары сатылады?
Қазіргі таңда биржада отандық ірі компаниялармен қатар алыс-жақын шетелдің компанияларының да акциялары мен облигациялары саудаға шығарылған. Соның ішінде Қазатомөнеркәсіп, KCell, Қазақстан Темір Жолы, Астана ЛРТ, Халық банкі, АТФ банкі, Центркредит банкі, Форте банк, Қазпошта, Қазхром, Қазақтелеком, Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Шұбаркөл Көмір секілді компаниялардың құнды қағаздары бар.
Шетелдік компаниялардан Қытай Құрылыс банкі мен Полиметалл секілді ірі компаниялардың құнды қағаздарын алуға болады.
Сонымен қатар биржада ҚР Қаржы министрлігінің еурооблигациялары да саудаланады.
Жалпы AIX биржасында 50-ден астам құнды қағаз листингтелген. Олардың толық тізімі мынау.
Сурет АХҚО баспасөз қызметінен
Құнды қағаздарды (акция мен облигацияны "құнды қағаз" дейді) БРОКЕРЛЕР арқылы сатып алу
Енді бұл құнды қағаздарды иелену үшін сіз AIX биржасына тіркелген брокерлер немесе сауда мүшелеріне жолығуыңыз керек. Астана биржасында құнды қағаздарды саудалайтын компаниялардың саны 24. Олардың арасында отандық брокерлермен қатар Лондон, Гонконг, Мәскеу, Прага, Кипрдің брокерлері бар.
Жоғарыда аталған компаниялардың құнды қағаздарын саудалайтын брокерлердің толық тізімі міне.
Ең бастысы, "Астана" қаржы орталығында тіркелген брокерлерге ғана хабарласыңыз. Олар жоғарыдағы тізімде. Ол тізімде жоқ брокерлер алаяқтар немесе Қазақстан заңына бағынбайтын шетелдік брокерлер болуы мүмкін.
Яғни, "Астана" биржасында тіркелген шетелдік және отандық компаниялардың акционері болғыңыз келсе, алдымен жоғарыда көрсетілген брокерлердің біріне хабарласып, кеңселеріне барып, келісімшартқа қол қоясыз. Содан кейін, брокердің есепшотына қаражатты аударғаннан кейін, брокер сіздің қаржыңызға өзіңіз көрсеткен акцияны сатып алып, сіздің атыңызға тіркейді. Осыдан кейін сіз акционер атанасыз.
Отандық компаниялар әдетте жаз айларында, АҚШ компаниялары жыл соңында акционерлердің үлесін төлейді. Сол кезде сіздің есепшотыңызға жылына бір рет тиісті үлесіңіз түсіп отырады.
Сурет АХҚО баспасөз қызметінен
Құнды қағаздарды (акция мен облигацияны "құнды қағаз" дейді) ЖЕКЕ ПЛАТФОРМА арқылы сатып алу
«Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушысы – iKapitalist инвестициялық және заемдық краудфандингтік платформасы. Аталған платформа шағын және орта бизнеске жеке және заңды тұлғалардан инвестиция тартуға және қарыз алуға көмектеседі, яғни шағын және орта бизнестің биржасы деуге болады.
Платформа қарапайым адамдардың жеке компаниялар акциясы мен облигациясын сатып алуға көмектесумен қатар, жеке бизнеске қарызға ақша тауып береді. Яғни, жеке тұлға Бауыржанның ақшасын "Муканов" ЖШС бизнесіне алып береді. Бұл бір жағынан "Муканов" ЖШС компаниясының оңай, әрі тез арада қажетті қаражатты табуына мүмкіндік берсе, екінші жағынан жеке тұлға Бауыржан қолындағы ақшасын бірнеше айға қарызға беріп, көбейтіп алуына жағдай жасайды.
iKapitalist платформасы арқылы қаражат тарту үшін бизнес мына талаптарға сай болуы керек: компания кемі 12 айдан бері жұмыс істеп жатқан болуы; табысы жылына 60 млн теңгеден кем болмауы керек. Платформаның Бас атқарушы директоры Нұрбек Раевтың айтуынша, шағын және орта бизнес осы платформа арқылы негізінен мына үш мақсатқа қаражат тарта алады: бизнесті дамыту; айналым капиталын толтыру және келісімшартты орындау.
Жалпы, шағын және орта бизнес үшін қаражат тапшылығы үлкен мәселелердің бірі. Банктер қарыз беру үшін кепілзат сұрайды. Ал iKapitalist платформасына шығу үшін кепілзат қою керек емес. Талаптары да жеңіл. Ірі биржаларда аудиторлық есепті қатаң бақылайтыны да анық. Көбіне отбасылық бизнес саналатын шағын және орта бизнес субъектілері үшін аталған алаң үлкен мүмкіндік.
Инвесторларға келер болсақ, кез келген қазақстандық азамат немесе компания платформадағы шағын және орта бизнеске қаражат құя алады. Жеке тұлғалар үшін минималды көлем 300 мың теңге. Егер банктерге салынған депозит айына теңгемен 12-14 пайыз өсетін болса, аталған платформа арқылы салынған инвестиция кемі 20 пайыздан өседі.
Бұл контент АҚШ даму агенттігі (USAID) арқылы америка халқының көмегімен "MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы" аясында дайындалды. Naryk.kz ақпарат агенттігі ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты жəне ақпарат USAID-тың немесе АҚШ үкіметінің, сонымен қатар Internews ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
USAID — халықаралық жетекші даму агенттігі және тұрақты дамуға қол жеткізетін катализатор. USAID қызметі АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен экономикалық өркендеуіне және бенефицар-елдердің тұрақты дамуына үлес қосады, сонымен қатар америка халқының жомарттығын көрсетеді.
Сурет АХҚО баспасөз қызметінен
Автор: Бауыржан Мұқанов