Елордада өтіп жатқан Nobel Fest талқы алаңында экономикалық өзекті мәселелер көтеріліп, әр салада әлемге аты мәлім тұлғалар өз білгендері мен болжамдарын ортаға салды. Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің әр түкпірінде қолжетімді ету. 

Ақша қымбаттап кетті

Reinventing Bretton Woods Committee негізін салушы және атқарушы директоры Марк Узанның айтуынша, қазір әлем қашып құтыла алмайтын тәуекелдермен бетпе-бет келіп отыр. Сарапшы екі апта бұрын ғана Вашингтонда Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесіп, әлем экономикасының тамырын басып көрген. 

«Дүниежүзілік банк өкілдерінің айтуынша, биыл жаһандық ІЖӨ өте төмен қарқынмен өседі. Бәрі әлемдік рецессия болады деп күтіп отыр. Қырғи-қабақ соғыстың салдарынан Еуропада да, АҚШ-та да ставкалар өсіп шыға келді. Қазір әлемнің орталық банктері жылдам өсіп жатқан инфляциямен күресуде. Рецессия әлемдік қаржылық кризиске ұласуы ықтимал. Шекаралар жабылды. Логистика жұмыс істемейді. Адамдар баяғыдай саяхатқа шықпайды. Тауар тасымалдау қиындап кетті. Біздің орнықтылығымыз әлсіреп бара жатыр. Тауар жеткізу мерзімі ұзарды және ол біршама қымбатқа түсті. Әрине, мұндай жағдайда орталық банктер мөлшерлемені көтеруге мәжбүр. Ақша қымбат бола түседі. Несие де қымбаттайды. Өкінішке қарай, арзан ақшаның дәуірі аяқталды», дейді Марк Узан. 


Еуропаның арманы орындалмады

Мұндай жағдайда әр елдің өзінше шешім іздейтіні аян. Дегенмен әрбір ел әлем экономикасының ажырамас бөлшегі. Жаһаннан дараланып жалғыз өмір кешу қазіргідей ресурстар араласып жатқан заманда мүмкін де емес. Сондықтан әлем елдері өзара түсіністік пен келісім жағдайында ғана тығырықтан шығар жол таба алады. Бірақ сұм соғыс бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға әлі де мүмкіндік берер емес. 

«Соңғы 75 жыл Еуропа осы соғыс болмауы үшін, үшінші дүниежүзілік соғыс басталмас үшін барын салды. Бірақ Украинадағы жағдайға қарап отырып Еуропаның арманы орындалмады деуге негіз бар. Сондықтан Еуроодақ тек экономикалық ғана емес, геосаяси орталық болуға тырысады. 75 жыл бойғы көпполярлы уақытты артта қалдырамыз. Енді әр ел өз бетінше қам жасап, әр ел өндірісті тұтынушыға жақын орналастыра бастайды. Өйткені логистикалық маршруттар күрделі жағдайда тұр. Еуропа өзінің Ресейге деген тәуелділігін жоюға тырысады. Яғни, Ресей газына деген. Қазақстан да өз-өзіне сұрақ қоюы тиіс. Айтпақшы, Қазақстан да бір кездері Жібек Жолының бір бөлігі ретінде, өңірлік дәліз болды. Бүкіл сауда қатынасы Қазақстан арқылы өтті. Мен Қазақстанның келешегі жарқын боларына сенемін. Қаншама ресурс, қаншама білімді адамдар бар», деді сарапшы. 

Жаһандық инфляция 8 пайыз болады

Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов алда келе жатқан рецессияның таңбасы болуы ықтимал 6 факторды айтады, олар – пандемия, соғыс, санкциялар, инфляция, ФРЖ мөлшерлемесі және бірінші деңгейлі банк мөлшерлемедері, соңғысы – климаттың өзгеруі. Пандемия бүкіл әлемнің экономикасын әжептәуір тақырға отырғызды. Енді Украинада басталған соғыс логистика бағыттарын күл-талқан етті. 


«Инфлцияға келер болсақ, ол қазір өте жоғары болып тұр. АҚШ-та қыркүйектегі инфляция 8,2 пайызға жетті. Соңғы 40 жылда дәл бұлай жоғары болып көрмеген. Халықаралық эксперттердің есептеуінше, жаһандық инфляция шамамен 8 пайыздық дәлізде болады, яғни ол сәйкесінше сатып алу қабілетіне әсер етеді. Біз сондай-ақ сырттан да инфляцияны өте көп импорттаймыз, бұл да біздің экономикамызға әсер етеді. Бірақ инфляция қыспағына ұшырап отырған жалғыз біз емес. Көптеген дамыған елдердің өзі тұйыққа тірелді. Бірақ күрделілігі әртүрлі болуы мүмкін», дейді Нұрдәулет Айдосов. 

Банк басшысы Марк Узанның арзан ақшаның дәуірі бітті дегенімен келіседі. Расында, қымбатшылық дәуірі басталды. Инфляциямен күреске түскен орталық банктер ақша-несие саясатын қатаңдатуға мәжбүр. 


«Даму үшін өте көп мөлшерде кредит алған компаниялар енді сол деңгейде қаржылануға ие бола алмайды. Бұл ұзаққа созылатын дағдарысқа әкеп ұрындырады. Жағдай бірқалыпты емес. Сонымен бірге, климат өзгерісі де экономикаға әсерін тигізеді. Сірә, бұл мәселенің техногендік қыры да, басқа қыры да бар, ол – табиғат. Оны бақылау қиын. Еуропада қыс қатты болса, газды тұтыну көлемі де артады. Ал құрғақшылық егінге әсер етеді. Барған сайын су қажет болады, жылыжайларға көбірек инвестиция қажет болады. Қатты жоғары температура теріс әсер етеді. ХВҚ болжамы бойынша, климаттың өзгеруінен 2,4 триллион долларға жуық шығын пайда болмақ. Болжамға сүйенсек, 2026-2030 жылдары температура 1,5 градусқа көтеріледі», дейді. 

Тиісінше, Нұрдәулет Айдосов бұл болжамның орындалуы ақырындап жылжып келе жатқан рецессияның болу ықтималдылығын арттыра түседі деп пайымдайды. Сондықтан бұған мән бермей отыруға әсте болмайды. Жалпы, сарапшылар рецессия деген сөзді жиі айта бастады және бұл тіпті де тегін емес. Мұны қаржыгерлер мен экономистердің жанайқайы, дабылы деп қабылдаған жөн. Тиісінше, соған сай, жағдайды түзеуге қабілетті шаралар жиынтығы қабылданғаны да абзал секілді.