Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болды. Бұл туралы кәсіпкердің компаниясы хабарлады.

«Келісімге қол жеткізілді, футбол клубы Нұрлан Артықбаевқа өтеді», — деп хабарлады компания.

«Ақтөбе» жанкүйерлері командасның құрамы өзгеруі мүмкін бе, ойыншылар сатып алына ма, футбол интернаты салына ма деген сұрақтарды қызу талқылап жатыр.

«Бұл туралы әзірге ақпарат жоқ. Клубты дамытуға қажет инвестиция көлемі мен ұйымдастырушылық мәселелер 2026 жылдың қаңтарында талқыланады»,  — деп нақтылады компания. 

2025 жылдың қараша айының басында «Ақтөбе» футбол клубын да жекешелендіруге дайындап жатқаны белгілі болды. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров шешім жылдың соңына дейін қабылданатынын хабарлаған еді. Алайда ол кезде әлеуетті инвестордың аты ресми түрде аталмаған.

Айта кетсек, бұған дейін Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар спорттық брендті, инфрақұрылымды және клуб активтерін беру туралы келісімдерге қол қойылды.

«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек екенін айтқан еді.

Сонымен қатар Премьер-министр 2025 жылы қазақстандық футболды дамытуға бюджеттен 34,9 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Соның ішінде 31,8 млрд теңге – Премьер-лига және Бірінші лига клубтарын қолдауға, 3,1 млрд теңге – балалар және бұқаралық футболды дамытуға бағытталған.