«Көп пайда табасың дейтін салымдарға сенбе. Салмынан көп дегенде 19% табыс көруге болады. Ақшалы болғың келсе, эмоцияңды өшір, оны тек құрал деп біл. Сондай-ақ, ешқашан біреуге қарыз берме». Елімізге танымал қаржылық коуч, әйелдердің экономикалық тәуелсіздігі тақырыбы бойынша маман Роза Әшірбаева қаржылық сауаттың өзегін осылай сипаттайды. Автор жеке жинақты басқарудың осы сынды 27 қағидасын бір кітапқа топтастырды.

Аталмыш туындының жарыққа шығуын қолдап, демеушілік жасаған – Home Credit Bank. Кітаптың атауы қарапайым әрі түсінікті – «Ақшаның жиырма жеті қағидасы». Қазақ тілінде жазылған еңбекте жеке қаржыны басқарудың негізгі қағидалары жеңіл әрі айқын баяндалған. Сонымен қатар, бұл – қазақ тілінде қаржы тақырыбында жазылған таптырмас құралдардың бірі болуымен ерекшеленіп отыр. Яғни, осы кітап қаржыға қатысты білімін арттырамын деген әр қазаққа қолжетімді болмақ. Кітапта бюджетті жоспарлау, жинақ жасау, қаржылық тәуекелдерді бағалау және қаржылық құралдарды жауапкершілікпен пайдалану сияқты маңызды тақырыптар қамтылған.

Қаржылық тәуелсіздікке, қауіпсіздікке және өзін-өзі дамытуға ынталандыратын инфлюенсер, қаржылық коуч Роза Әшірбаева кітаптың авторы ретінде таңдалуы бекер емес. Ол Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД кеңістігінде кең аудиторияға танымал, күрделі қаржылық ұғымдарды қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе алатын тәжірибелі маман. Роза Әшірбаева ұзақ жылдар бойы әйелдердің қаржылық сауатын арттыру бағытында жұмыс істеп, оларды дербес шешім қабылдауға, экономикалық жағынан нығаюға жігерлендіріп келе жатыр. Ең бастысы – оның халық өмірінің сапасын жақсарту, әйелдерге шабыт беру және мемлекеттік тілді қолдау сияқты құндылықтары Home Credit Bank миссиясымен үндес келеді. 

«Қаржылық сауат кез келген жастағы оқырмандар үшін маңызды. Біз ересектердің бәрі қаржыны дұрыс басқара алады деп ойлаймыз, алайда, статистика басқаша сөйлейді. Мысалы, былтыр Қазақстанда қаржылық пирамидаларға салынған қаражат көлемі шамамен 20 миллиард теңгеден асады. Бұл көбіне қаржылық өнімдерді түсінбеуден немесе эмоцияға ерік беру арқылы жасалатын саудалардан туындайды. Сол себепті ақшаға қатысты саналы шешім қабылдау дағдыларын дамыту маңызды. Бұған қоса, қазақ тілді оқырмандарға қолжетімді құрал болғаны көңілді қуантады, өйткені біздің елімізді осындай еңбектер аз. Қоғамның қаржыға қатысты сауаты сәл де болса ашылатынына сенім білдіремін», – дейді «Ақшаның жиырма жеті қағидасы» кітабының авторы Роза Әшірбаева.

Бұл ретте, Home Credit Bank басқарма төрағасы Кирил Бачваров кітаптың шығу мақсаты мен бұл бастамаға қатысты банк ұстанымын былай түсіндірді: 

«Бұл кітаптың таныстырылымы – банктің Қазақстандағы жиырма жылдығына арналған іс-шаралар легінің қорытындысы. Осы уақыт бойы біз қаржылық сауаттылықты жүйелі түрде қолдап келеміз. Қазақ тіліндегі бұл еңбектің кең аудиторияға пайдалы болатынына қуаныштымыз. Өкінішке қарай, мұндай сабақтар мектепте де, университетте де оқытылмайды. Сондықтан қаржылық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобалардың рөлі зор. Кітаптың мазмұны ресми деректерге сүйеніп, сауатты жазылуы үшін авторға қажетті бағыт-бағдар бердік. Мұндай мемлекеттік тілде жасалған жұмыстарды әрі қарай да жалғастыра береміз», – деді ол.

Кітаптың тұсау кесу рәсімі – Home Credit Bank-тің Қазақстандағы 20 жылдық мерейтойына арналған әлеуметтік бағдарламаларының соңғы жобасы болды. Биыл банк қоғам үшін маңызды бірнеше бастаманы жүзеге асырып, оған 250 млн теңге бөлді. Мысалы, «Жасыл аллея» жобасы аясында 12 қалада 1200 түп ағаш отырғызылды, «Семей Орманы» резерватында 1000 қарағай егілді, ал «Бурабай» ұлттық паркінде «Бөлектау» экосоқпағы салынды. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы жедел жәрдем қызметкерлеріне 1514 жиынтық арнайы форма табысталды. Бұдан өзге, банк тарапынан Алматы қаласының паркіне чех мүсінші Андреа Кобзаның «Поэзиомат» атты музыкалық-поэтикалық инсталляциясы сыйға тартылды. Онда қазақ авторларының өлеңдері мен әндері жиналған. Қаржы ұйымы Астанада Жүрек орталығы қорының ағартушылық жұмысын және Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру іс-шарасын да қолдады.

Бұл бастамалар Home Credit Bank-тің әлеуметтік жауапкершілікке ерекше мән беретінін, қаржылық мәдениетті дамыту, қазақ тілін қолдау және қоғам өмірінің сапасын жақсарту бағытындағы тұрақты жұмысын көрсетеді. «Ақшаның жиырма жеті қағидасы» кітабы – осы ұзақмерзімді ұстанымның айқын нәтижелерінің бірі болса керек.