АҚШ-тың технологиялық секторға қызмет көрсететін екі банкі: Silicon Valley Bank пен Signature Bank жабылатыны туралы ақпараттан кейін әлемнің қаржы нарығында құбылмалылық өршіп, АҚШ пен Еуроаймақтағы банк секторына қатысты инвесторлар алаңдап, тәуекелге баруды азайтты. 

АҚШ-тағы жергілікті дағдарыстың Еуроаймақтағы банктерге әсер ету тәуекелдері Credit Suisse атты Швейцария банкінің акция құнын төмендетті. Швейцарияның орталық банкі нарықтағы сенімді қалпына келтіру үшін банкке шұғыл өтімділік беру туралы шешім қабылдады.

Алайда Ұлттық банк басшылығы Қазақстан банктеріне қауіп жоқ екенін айтады. «АҚШ және Еуроаймақ банктеріндегі жергілікті дағдарыстардың Қазақстанның қаржы нарығына әсері шектеулі. Профициттің жалғасуын ескере отырып, банк жүйесінде өтімділік жеткілікті», деді бас банк басшысы.

Соңғы күндері әлемде болып жатқан осы тектес оқиғалар ішкі валюта нарығына да әсер етіп отыр. АҚШ доллары айтарлықтай құбылып, ұлттық валютаның әлсірей бастағаны сезілді. Бұл мұнай бағасының барреліне 73-74 доллар деңгейіне дейін төмендеуімен қиындай түсті. Әйтсе де, АҚШ пен Еуроаймақ банктеріндегі жергілікті дағдарыстардың Қазақстанның қаржы нарығына ықпалы шектеулі. Сақталған профицитті ескергенде, банк жүйесіндегі өтімділік жеткілікті.

Ұлттық Банк валюта нарығындағы өтімділікті сақтау және айырбастау бағамының күрт ауытқуын реттеу үшін валюталық интервенциялар жүргізу құқығын сақтайды. Бұл теңгенің ақылға қонымды құбылмалылығын шектемей, бағам белгілеудегі нарық тетіктерін қолдайды дегенді білдіреді.

Қажет болған жағдайда интервенциялар жүргізіледі және тиісті ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жарияланады.