ҚР Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Америка Құрама Штаттары Үкіметі арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, заңға сәйкес, АҚШ қаржылық ұйымдарымен халықаралық іскерлік операциялары бар барлық шетелдік қаржылық ұйымдар АҚШ салық төлеушілерінің шоттары туралы ақпарат беруге міндетті.
Заң жобасы қаржылық ұйымдардың, атап айтқанда, кредиттік, сақтандыру, брокерлік және басқа да осындай компаниялардың қызметіне қатысты.
«Осы режімге қосылмаған жағдайда, егер төлемді алушы АҚШ-тағы салық салынатын тұлға, ал аударылған қаражат АҚШ аумағындағы инвестицияға байланысты табыс болса, халықаралық банк аударымдары сомасының 30%-і ұсталуы мүмкін», - деді Ә.Қуантыров.
Келісімге қосылатын қаржы институттары Қазақстанда шот ашқан барлық америкалық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпаратты анықтап, ашуға міндетті. Осыған сай, Қазақстанның Келісімге қосылуы АҚШ-та шот ашқан барлық қазақстандық жеке және заңды тұлғалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Осылайша, бұл мәселе бойынша елдер арасындағы өзара іс-қимыл Қазақстанның бюджетіне оң әсер етеді.
Министр сөзінің соңында, Қазақстанның Келісімге сәйкес,
орталықтандырылған ақпарат алуды көздейтін үлгіні таңдағанын атап өтті. Бұл
оңтайлы үлгіні іске асыру қаржылық жүйеге бақылау жүргізуді сақтауға,
Қазақстанның азаматтары мен резиденттері туралы АҚШ-тан ақпарат алуға, ҚР қаржы
институттарының әкімшілік шығындарын қысқартуға, Келісім талаптарына байланысты
қаржы саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.