АҚШ енгізген жаңа протекционистік саясат әлемдік қаржы архитектурасына қысым түсіріп отыр. Импортқа салынған 30–50% аралығындағы жоғары тарифтер халықаралық сауда мен резервтердің құрылымына ықпал етуі ықтимал. Мұндай пікірді ING банкінің ТМД бойынша бас экономисі Дмитрий Долгин ITS Ideas 2025 конференциясында айтты.

«Бұл тарифтер ең алдымен Бразилия, Үндістан, Қытай және Швейцарияға әсер етеді. Бұл елдерге әлемдік валюталық резервтердің шамамен 43%-ы тиесілі», – деді Долгин

Сарапшы олардың активтерді әртараптандыру әлеуеті бар екенін атап өтті. Яғни, олар біртіндеп доллардан тәуелділікті азайта бастай алады. Экономистің пікірінше, доллардан алыстау процесі дамыған елдердің басқа валюталарына жол ашады. Атап айтқанда, еуро, фунт стерлинг және иена резервтік валюта ретінде күшейе түсуі ықтимал. Бірақ дамушы нарықтарға қатысты жағдай күрделірек.

«Олардың валюталарының болашағы тікелей қарыз нарығының дамуы мен қаржы құралдарының сапасына байланысты», – деді Долгин.