Қытай АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге дайын екенін аңғартты. Бұл жаңалық шыққан сәтте-ақ нарық бірден оң бағытқа бет алды, деп жащпды Jusan Invest сарапшылары.

Бүгін АҚШ акциялары индекстерінің фьючерстері сауда ашылғанда жеңіл төмендеуден аздаған өсімге ауысты. 

Apple мен Amazon-ның әлсіз қаржылық нәтижелерінен кейін нарықтағы көңіл-күй нашарлаған еді, алайда Қытайдың АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге дайын екенін аңғартқан мәлімдемесі жағдайды біршама тұрақтандырды.

Таңертең ҚХР Сауда министрлігі Құрама Штаттардың екіжақты келіссөздер өткізуге дайын екені туралы бірнеше мәрте айтқан мәлімдемелеріне Қытай билігі назар аударғанын және қазіргі уақытта бұл мәселені зерттеп жатқанын хабарлады.

Нарықта АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысының салдары нақты көрсеткіштерден көрініп жатыр: АҚШ экономикасы 1-тоқсанда 3 жыл ішінде алғаш рет қысқарды (–0,3%), ал Қытайдағы зауыттар белсенділігі сәуірде соңғы 16 айдағы ең үлкен төмендеуді көрсетті.

Жапония банкі негізгі мөлшерлемені 0,5% деңгейінде сақтап қалды. Экономика өсімінің баяулауы мен инфляциялық қысымның төмендеуі иенаның әлсіреуіне әкеліп, бұл өз кезегінде доллар индексінің нығаюына ықпал етті.

Соңғы күндері АҚШ-та бірнеше маңызды экономикалық деректер жарияланды. ЖІӨ өсімі бойынша көрсеткіштерден бөлек, сәуір айындағы ADP есебінде жаңа жұмыс орындарының саны күткеннен әлдеқайда төмен болып шықты — 62 мың, ал болжам 114 мың еді. 

Сонымен қатар, бір аптада жұмыссыздық бойынша жәрдемақыға өтініш бергендер саны 241 мыңға жетіп, болжанған 224 мыңнан асып түсті.

Алайда бұл әлсіз көрсеткіштер наурыздағы оң статистикамен теңестірілді: инфляция нөл деңгейінде қалды, ал үй шаруашылықтарының табысы мен шығындары артты. Сонымен бірге, ISM ұсынған өндірістік PMI индексі де күтуден жоғары болып, 48,7-ге жетті (болжам – 48).

Apple мен Amazon қаржылық есептерін жариялады, бірақ олар инвесторлар үшін аса жағымды болмады. Apple АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі салдарынан шығынға ұшырағанын мойындады. Ал Amazon нақты нәтижелері жаман болмаса да, алдағы кезеңге қатысты болжамдары күткеннен әлсіздеу болды.