Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандырудың екі нұсқасы пысықталуда, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

26 тамызда Ақмола облысының халқымен кездесуінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірді газбен толық қамтамасыз ету үшін магистральдық газ құбырын тарту қажеттігін айтты.

Бұл үшін және жалпы Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарын газдандыру бойынша министрлік екі нұсқаны әзірлеуде.

Біріншісі – «Сарыарқа» магистральды газ құбырының жалғасы. Магистральдық газ құбырының ұзындығы 298,1 шақырымды құраса, сметалық құны 182,1 миллиард теңгені құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, жобаны жүзеге асыру 143 елді мекенді немесе 420 мың тұрғынды газбен қамтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы, II-III кезеңдері» ТЭН-ін жаңарту жұмыстары аяқталды.

Екіншісі Ресей Федерациясынан газдандыру нұсқасын қарастырылуда. Энергетика министрі бұл нұсқаны Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Энергетика министрліктері Қазақстан-Ресей жұмыс тобы аясында белсенді түрде талқылап жатқанын айтты. Ресей тарапы газды коммерциялық бағамен сатып алу шартымен еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарын газдандыру нұсқаларын қарастыруға дайын екенін атап өтті.

Таңдауға әсер ететін барлық бастапқы мәліметтерді алғаннан кейін еліміздің солтүстік өңірлерін газдандырудың соңғы нұсқасын әзірлеу бойынша шаралар қабылданады, делінген хабарламада.