Ақжол партиясы: Киімдерді таңбалау қосымша 20-25% қымбаттатты

Депутат таңбалауды тоқтата тұруды ұсынды. 

Тауарларды таңбалау тұтыну тауарлары мен тамақ өнімдерінің қымбаттауына алып келеді, ал бизнес үшін есептілікте елеулі проблемалар туғызады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәния Еспаева төменгі палатаның жалпы отырысында мәлім етті.

Депутаттың айтуынша өткен жылы осы бағыттағы пилоттық жоба сүт өнімдерінің 35%-ға қымбаттауына алып келген. Соның нәтижесінде олар бұдан бас тартқан. Ал ендігі кезекте Үкімет аяқ киімді таңбалауды енгізіп отыр.

«Бұның салдарынан көптеген аяқ киім дүкендерінің жұмысының тоқтап қалу қаупі төніп түр, кәсіпкерлер бағаның 20-25%-ға өскенін айтып отыр, бұл жалпы инфляцияға үлес қосуда. Басқа тауарлар үшін де таңбалауды енгізу кезекте тұр: мәселен, Үкіметтің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі №568 қаулысына сәйкес тоқыма өніміне, су мен сусындарға, дәрілік заттарға таңбалауды енгізу мерзімдері белгіленген. Кезекте басқа да өнімдер бар. 2020 жылғы 19 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында тауарларды міндетті таңбалауды енгізуді кейінге қалдыруды және бұл мәселені анағұрлым мұқият зерделеуді ұсынған болатын. Алайда, Үкімет оны енгізуді жалғастыруда», - деді ол.

Бұдан бөлек, Дәния Еспаева бұл бағыттағы салықтардың жекеменшік компанияға, яғни таңбалау операторына келіп түсетінін айтты. Белгілі болғандай, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы болып 49%-ы жекеменшік құрылымдарға тиесілі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы айқындалған екен.