Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы 2025 жылға арналған бағалы қағаздар нарығына шолуын жариялады.
Валюта нарығы
Бейсенбі күнгі сауда-саттық қорытындысы бойынша USDKZT жұбының бағамы төмендеп, бір доллар үшін 505,71 теңгеге (-0,94 теңге) түсті. Бұл ретте сауда көлемі айтарлықтай өсіп, 383,4 млн долларды (+120,8 млн доллар) құрады. Бұл жекелеген қатысушылардың ірі көлемдегі шетел валютасын бір жолғы конвертациялауынан болуы мүмкін. Сонымен қатар нарық қатысушылары Ұлттық банктің бүгінгі отырысында базалық мөлшерлеменің өзгеріссіз қалуын күтіп отыр. Бұл теңгелік активтердің табыстылығын қолдап, ұлттық валютаның нығаюына септігін тигізеді. ҚҚҚ-ның қаңтар айындағы сауалнамасына сәйкес, респонденттердің 94%-ы базалық мөлшерлеме сақталады деп есептейді.
Сондай-ақ бүгін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі туралы деректер жарияланады.
Ақша нарығы
Жүйедегі өтімділік профицитінің артуы аясында ақша нарығы құралдарының табыстылығы әртүрлі динамика көрсетті. Мәселен, TONIA мөлшерлемесі 17,67%-дан 17,54%-ға дейін төмендеді, ал SWAP-1D 10,92%-дан 12,09%-ға дейін көтерілді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 984,7 млрд теңгеге жетті. Депозиттік аукционға сұраныс күрт өсіп, 1,8 трлн теңгені құрады. Ашық позиция көлемі нарық алдындағы 7,6 трлн теңге берешекке дейін ұлғайды.
Қор нарығы
Бейсенбіде KASE индексі 0,5% өсіп, 7 368,0 тармаққа жетті. Бұл өсім белсенділіктің төмендеуі жағдайында болды: сауда көлемі 2,2 есе азайып, 894,8 млн теңгені құрады. Индекстің көтерілуіне Laramide-мен бірлескен жобалары жоқ екенін мәлімдеген «Қазатомөнеркәсіп» (+2,4%) және мұнай бағасының бұған дейінгі өсімі мен дивиденд күтулері әсер еткен «ҚМГ» (+0,9%) акциялары үлес қосты. Алайда Kaspi (-0,9%) акцияларының коррекциясы жалпы өсімді аздап тежеді.
Қарыз нарығындағы жаңалықтарға келсек, Қазақстанның орнықтылық қоры (ҚОҚ) жылдық табыстылығы 16,82% болатын 14,5 млрд теңгенің бір жылдық облигацияларын орналастырды.
Мұнай
Бейсенбіде Brent мұнайының бағасы барреліне 64,1 долларға (-1,8%) дейін төмендеді. Бұған Дональд Трамптың Гренландияға қатысты тарифтер мәселесіндегі ұстанымының жұмсаруы және Украинадағы жағдайды бейбіт реттеуден үміт күту әсер етті. Сондай-ақ, АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қорының 3,6 млн баррельге өсуі (сарапшылар 0,5 млн баррельге азаяды деп күткен) бағаның түсуін жеделдетті. Bloomberg бағалауынша, бұл нарықта шикізат ұсынысының тым көп екенін көрсетеді.
Сонымен қатар Қазақстан Қара теңіздегі мұнай тиеу портын жөндеуді аяқтауда. Ресейге қарсы санкциялардың ықтимал жойылуы нарықтағы ұсынысты одан әрі арттыруы мүмкін.
Тәуекелді активтер
Дональд Трамп Еуропаға қарсы жаңа тарифтерден бас тартқаннан кейін АҚШ-тың негізгі индекстері 0,6–0,9% өсті. Сонымен қатар, АҚШ-тың үшінші тоқсандағы ЖІӨ өсімі күтілген 4,3%-дың орнына 4,4%-ды құрап, нарыққа қосымша қолдау көрсетті. Корпоративтік деңгейде Procter & Gamble акциялары 2% өсті, ал GE Aerospace қағаздары түсімнің өсуіне қатысты күмәннен соң 7,4% арзандады.
Қорғаныс активтері
Жаһандық сауда соғысына қатысты қауіптердің қайта жандануына байланысты қауіпсіз активтерге сұраныс сақталды. Алтын бағасы трой унциясы үшін 4 961 долларға (+2,6%) дейін қымбаттады. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының табыстылығы 4,25% деңгейінде қалды. Ал доллар индексі инвесторлардың пайданы бекітуіне байланысты 98,4 тармаққа (-0,4%) дейін төмендеді.