HeadHunter рекрутингтік компаниясы республика бойынша 2 600-дан астам адамға сауалнама жасап, қанша жалақы алғысы келетінін сұрады.

Сауалнамаға қатысқан азаматтардың 32%-ы өздерінің жалақыларына қанағаттанатынын айтқан.

Жұмыс берушілер тарапынан қазіргі таңда ұсынылып отырған жалақы қазір астанада 258 мың теңге болса, Алматыда 243 мың теңге.

"Республика бойынша сауалнамаға қатысқан азаматтардың қанағаттанарлық жалақы көлемі орташа есеппен 450 мың теңге болды. Қалалар бойынша астаналықтар кемі 560 мың теңге, алматылықтар кемі 540 мың теңгені дұрыс жалақы деп есептейді. Үшінші орында қарағандылықтар. Олар үшін жалақыға қанағаттануы үшін айына 510 мың теңгеден көп болуы керек", деп жазады компания.

Қанағаттанарлық жалақы көлемін анықтау үшін сауалнамада "Несиеге ұрынбай, адағы күнге жинау үшін кемі қанша теңге табу керек?", "Жұмысты істеуге керекті біліктілік деңгейі қандай болуы керек?", "Жылына бір рет демалысқа шығып тұру үшін кемі қанша табу керек?" деген сұрақтар қойылған.

Сонымен қатар, компания соңғы бір жылда жалақы көлемінің қаншалықты өзгергенін сұрады. Респонденттердің 45%-ы жалақыларының өзгермегенін айтса, 39%-ы көбейгенін, 16%-ы керісінше азайып кеткенін айтты.

"Сауалнамаға қатысқандардың 53%-ы өз жалақыларына көңілдері толмайды. Біз олардан жалақыларына көңілдері толмаса қандай да бір шара қолданар-қолданбасын сұрадық. Соның ішінде 52%-ы алдағы бір жылда жалақыны көтеруді сұрайтынын айтса, 13%-ы сұрамайтынын, тағы 35%-ы осы мәселені бастыққа барып айтатынын жеткізген", - дедйі HeadHunter.