Алматы облысында Carlsberg Kazakhstan алкогольсіз сусындар зауытының құрылысы басталды. Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауытының іргетасын қалау және инвестициялық келісімге қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті.

Жаңа зауыт Алматы облысының Іле ауданында 17 гектар жер телімінде салынады. Өндірістік қуаты жылына шамамен 1 млрд литр сусын болады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі — 344 млн доллар. 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Өнімдер PepsiCo лицензиясы бойынша өндіріліп, Қазақстан мен Қырғызстан нарықтарына жеткізіледі. Зауыт 2026 жылы іске қосылады деп болжанып отыр.

СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов жобаны іске асыру Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалдың және жаһандық компаниялармен серіктестіктің стратегиялық маңыздылығының дәлелі екенін атап өтті.

«Carlsberg Group-тың Қазақстанда жұмыс істеген жылдарында шамамен 640 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Инвестиция көлемі 344 млн доллар болатын жаңа жоба компанияның ұзақ мерзімді ниеттерін растайды және өңірдің тамақ өнеркәсібін дамыту драйверіне айналады. Зауыттың іске қосылуы жүздеген жұмыс орнын құрып, жергілікті шикізатты пайдалануды кеңейтеді және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосады», – деді ол.

Өз сөзінде Комитет төрағасы сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ жобаны толық сүйемелдеуге, оның ішінде ілеспе өндірістерді дамыту мен локализацияны кеңейту шараларын қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

«Жаңа зауыт — бұл жай ғана өндірістік алаң емес. Бұл Қазақстандағы біздің ұзақ мерзімді міндеттемелеріміздің символы. Бұл жаңа жұмыс орындарын, заманауи технологияларды және жергілікті экономиканың дамуына айтарлықтай үлес әкелетін инвестиция. Құрылыс аяқталғаннан кейін ол өңірдегі ең заманауи және орнықты зауыттардың біріне айналып, толықтай халықаралық стандарттарға сай болады», – деп атап өтті Carlsberg Group-тың Бас директоры Якоб Ааруп-Андерсен.