Astana-Hub IT стартаптар технопаркінде жеке сектордың инвестициясын тартқан отандық стартаптардың бірі Algorithm онлайн мектебі. Жобаның негізін қалаушы және стратегиялық директоры Әлібек Бейсенбаев технопарктің баспасөз қызметіне берген сұхбатында математика мен физиканы онлайн оқытатын мектепке венчур инвесторлардың 21 мың АҚШ доллар құйғанын мәлімдеді.
"Мектеп кезінен математикаға қызығушылығым жоғары болды. Кейін осы пәннің ұстазына айналдым. Біздің құрған орталығымыз бірден сәтті жұмыс істеп кетті. Артынша франшиза ашып, географиямызды кеңейту туралы ұсыныс түсті. Алайда қиыншылықтар туындап, ақырында жобамызды онлайн жүйеге ауыстыру туралы шешім қабылдадық. Қазір біздің онлайн мектептің шәкірттері Қазақстанның әр түкпірінен ғана емес, сонымен қатар басқа елдерден де бар", - дейді Әлібек Бейсенбаев.
Әу баста қаржы тарту жағын ойламадық. Ең бастысы біз үшін онлайн платформаның инфрақұрылымын құру және балалар мен ата-аналарға сапалы контент ұсыну болды. Сол себепті жоба ашылғаннан бастап көпке дейін біз қаржыландыруға кіріспедік.
"Ең басында таныстарымнан, жақындарым мен отбасылық достарымыздың тізімін жасап, олардың арасынан бізге қаржылай көмек бере алатын адамдардың тізімін жасадым. Қысқаша айтар болсам, ең алдымен инвесторларды өздеріңіздің айналаларыңыздан іздеңіздер. Сіздердің идеяларыңызды қаржыландыратын адам жаныңызда жүрген болуы мүмкін", - дейді стартапшы.
Стартапшының айтуынша, егер жоба қажетті болса және тиімді жұмыс істесе, инвестор табу оңай. "Біз ең бастысы сапаға мән бердік. Тіпті, өздеріңіздің клиенттеріңіз де инвесторыңызға айналуы мүмкін. Сол үшін ең алдымен тұтынушылармен дұрыс жұмыс істедік. Адамдар сіздің еңбегіңізді көрсе, өздері-ақ қаржы салады", - дейді.
"Жоба әбден жұмыс істеп кеткеннен кейін біз жаңа деңгейге шығу қажеттілігін сезіп, инвестор іздей бастадық. Потенцалды инвесторлар саны он шақты болды. Олармен жеке-жеке кездестік", - дейді стартапшы.
Әлібектің айтуынша, көптеген жастар "бізде керемет идея бар, енді инвестор керек" деп ойлайды. Бұл қате. Қаржы құюмен мәселе шешілмейді. Жобаның әр кезінде өз қиындықтары бар. Егер уақытыңыздың бәрі инвестиция іздеумен өтсе, онда жобаңыздың жұмысы тоқтайды. Инвестиция тек жұмыс істеп тұрған және сұранысқа ие жобаларға ғана келеді. Онсыз инвесторларды қызықтыру қиын.