Әлеуметтік көмек алатындардың банк шоты мен депозиті тексеріледі

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік көмек тағайындау кезінде алушылардың және олардың отбасы мүшелерінің банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтер ескеріледі. Бұл туралы Құрылтай отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ведомство әлеуметтік көмек алушылардың және олардың отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәліметтерді тікелей ала алады. Бұл отбасының нақты әл-ауқатын бағалап, әлеуметтік төлемдерді мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындауға көмектеседі.

Бұған дейін Үкімет 2027 жылдан бастап мұқтаждық қағидаты бойынша берілетін жәрдемақылардың тізбесін бекіткен болатын. Оларды тағайындау кезінде азаматтың немесе отбасының әлеуметтік жағдайы белгіленген әдістеме бойынша бағаланады.

Жаңа тәртіп аясында 10 түрлі әлеуметтік төлем қарастырылған. Алайда әлеуметтік әл-ауқаты жоғары («А» деңгейі) және ауқатты («В» деңгейі) азаматтарға осы тізімдегі жәрдемақылар мен жерлеуге берілетін біржолғы төлем тағайындалмайды.

Министрдің мәлімдеуінше, банк шоттары мен депозиттері туралы ақпаратты алу үшін әлеуметтік көмек алушылардың және олардың отбасы мүшелерінің келісімі қажет болады.