Қазақстанда әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға және төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдары қарызын өтеу бойынша кемінде үш айлық жеңілдік беруге міндеттелді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Қандай жағдайда несиеге жеңілдік беріледі?
Жеңілдікке үміткер болу үшін екі негізгі шарттың бірі орындалуы керек:
• несие алушының табысы кейінгі екі айда 30%-дан артық төмендеген болса;
• немесе оған тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек болса.
Бұл жағдайда банк немесе МҚҰ қарызды өтеуді үш айға дейін шегеруге тиіс. Ең бастысы – бұл кезеңде ешқандай комиссия немесе қосымша төлем алынбайды.
Қажетті құжаттар
Құжат тізімі де жүйеленген. Енді банктер артық қағаз сұрай алмайды. Негізгі құжаттарға мыналар жатады:
• жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама немесе соңғы 6 айдағы табыс туралы құжат;
• еңбек шартының тоқтағанын, жалақысыз демалысқа шыққанын немесе уақытша еңбекке жарамсыз екенін растайтын акт;
• жұмыс орнынан жалақысы туралы анықтама және БЖЗҚ-дан үзінді;
• жүктілікке, бала тууға, бала асырап алуға немесе үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста екенін растайтын құжат.
Әлеуметтік әлсіз топқа кімдер жатады?
Агенттік тізімді нақтылап берді. Бұл санатқа мыналар кіреді:
• ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер;
• басқа елдердегі ұрыс қимылдарына қатысқандар;
• І және ІІ топтағы мүгедектер;
• мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
• ауыр созылмалы дертке шалдыққандар;
• зейнеткерлер;
• балалар үйінің тәрбиеленушілері мен жетімдер;
• қандастар;
• экологиялық апат салдарынан баспанасынан айырылғандар;
• қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасылары;
• толық емес отбасылар.