ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтап қалу шешімін түсіндірді, деп хабарлайды Ұлттық банк. 

"Шын мәнінде, инфляцияның баяулағанын көріп отырмыз. Әзірге инфляцияның орнықты құрамдас бөліктерінің уақытша тұрақтанғанын атап өтуге болады. Сөзімді растау үшін жасалған бағалаудан мысал келтірейін. Маусымдық кезеңнен тазартылған тұтыну бағаларының инфляциясы биыл қарашада 5,6 пайызға дейін баяулады", дейді Ақылжан Баймағамбетов.

"Дәл осындай көрсеткіш жылдың ортасында 16 пайыздан асты. Мұнан әрі не болатыны, яғни инфляцияның бұдан былай төмендеу үрдісі қалыптаса ма, жоқ па – сол маңызды. Егер бұл үрдіс емес, уақытша құбылыс болса, онда тиісінше әрекет етеміз".

Мұнда коронавирустың жаңа штамы мен одан туындайтын белгісіздік туралы сөз қозғамауға болмайды. Көріп отырғанымыздай, кейбір елдер қазірдің өзінде локдаундар мен жолаушылар ағынын шектеу іс-шараларын енгізіп отыр. Егер мұндай іс-әрекеттер барлық жерде орын алса, онда экономиканың баяу өсуі, өндіріс тізбегінің одан әрі бұзылуы, тіпті проинфляциялық тәуекелдер түрінде қауіп туады.

Екіншіден, кейбір сарапшылардың пайымынша, «Омикрон» денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндірмесе, яғни сценарий оңынан өрбитін болса, онда бұл пандемияның біртіндеп аяқталғанын білдіруі мүмкін.

Осы сияқты белгісіздік жағдайларының бәрі қаржы нарықтары мен сентименттерге тез әсер етеді. Әсіресе жаңа штамдардың толқын тәріздес соққысын дамушы нарықтар қатты сезінеді.

Істің осындай жағдайын ескеріп және оқиғалардың болашақ дамуына жаңа штамның әсерін бағалау үшін жеткілікті ақпарат болмаған соң күту позициясын ұстандық. Бізге тәуекелдердің жаңа теңгерімі қалай қалыптасатыны және оның сыртқы және ішкі экономикаға қалай әсер ететіні туралы нақты түсінік қажет. Осы тұрғыда мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауға қолданған сараланған тәсіліміз бұрынғыға қарағанда үмітімізді ақтады деп айтуға болады.

Инфляция себептері

Азық-түлік өнімдері бағасының жалпы әлемдік өсуі. Әлемнің көптеген елінде инфляцияның рекордтық деңгейі әлі де сақталып келеді. Азық-түлік бағасы өндірістік-логистикалық тізбектердің бұзылуына және қолайсыз ауа райының салдарынан ұсыныстың төмендеуіне байланысты жоғарылайды. ФАО азық-түлік бағаларының индексі төртінші ай қатарынан өскенін көрсетті. Биылғы қарашада индекс 2011 жылғы маусымнан бастап ең жоғары деңгей – 134,4 тармақ белгісіне жетті. Осылайша, сыртқы азық-түлік бағасы бір жыл ішінде 27,3 пайызға өсті.

Біздің ірі сауда серіктесіміз немесе импорт тұрғысынан негізгі сауда әріптесіміз – Ресейдегі инфляцияның өсуін де атап өткен жөн. Инфляция биыл қазанда 8,1 пайызға дейін жеделдеп, 5 жылдық ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл олардың нысаналы дәлізінен екі есе көп. Ресей импортының жоғары үлесін ескерсек, әрине, ондағы жоғары инфляция ішкі бағаларға да әсер етеді. Қымбаттаған тауарлармен қатар инфляцияны да импорттаймыз.

Азық-түлік бағасының өсуі ел ішіндегі инфляцияға айтарлықтай үлес қосып отыр. Қазір ғана әлемде азық-түлік бағасының жоғары екенін айттық және Қазақстанды кез келген басқа ел сияқты әлемнен бөлектеп, оқшау қарауға болмайтынын түсінуіміз керек. Әлбетте, сыртқы әлеммен тығыз қарым-қатынаста сауда жасайтын ашық экономиканы ұстанамыз.

Өндірісі ішкі сұранысты қанағаттандыратын кейбір тауарлар бағасының сыртқы бағалармен айырмашылығы бар. Бұл инфляциялық қысым тудырады. Оларға негізінен, нан-тоқаш өнімдері, жарма, ұн және сүт өнімдерінің бағасы кіреді.

Ішкі нарықтағы ахуал дәнді дақылдар мен жем-шөп дақылдары түсімінің төмендеуімен күрделене түседі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, 11 айда 16,4 млн тонна орташа өнімділік гектарына 10,3 центнер болған кезде) астық бастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,3 пайызға аз.

Сонымен қатар, жанар-жағармай мен электр қуаты бағасының жоғарылауына байланысты тамақ өнімдерін өндірушілердің шығыны өскені де байқалады. Мұның бәрі нан, ет, жұмыртқа және басқа да негізгі тамақ өнімдері бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Сонымен қатар экономикалық белсенділік пен тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі жалғасуда. Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, халықтың нақты ақшалай табысы артып келеді. Сонымен бірге, тұтынушылық кредиттеудің өскенін көріп отырмыз. Бұл бөлшек тауар айналымының серпініне оң әсер етеді.

Осы жағдайларда инфляциялық күтулер жоғары деңгейде сақталады. Бұл қосымша инфляциялық қысымға, содан кейін тұтынудың артуына алып келеді.

Әрине, өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында байқалып отырған өндірістің қалпына келуі, импорттың ұлғаюы, халық табысының оң серпіні, кредиттеудің жоғары қарқыны, карантиндік шектеулерді жеңілдету ішкі сұраныс серпініне оң әсер етеді.

Жыл басынан бері нақты тұтыну шығыстарының тез өскенін байқап отырмыз. Қазіргі уақытта сұраныстың жоғары құрамдас бөлігі дағдарыстан кейінгі қалпына келу және кейінге қалдырылған сұраныстың іске асырылуы байқалатын азық-түлікке жатпайтын сегментте байқалады. Егер бөлшек тауар айналымының серпініне келетін болсақ, ол жыл басынан бері белсенді түрде ұлғайып, өсу қарқыны екі таңбалы санға – 2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 10,1 пайызға жетті. Бұл серпін тек кірістермен ғана емес, сонымен бірге жоғарыда атап өткен тұтынушылық кредиттеудің белсенді өсуімен де байланысты. Өз кезегінде ол биылғы қазанда 36,6 пайызға өскенін көрсетті, ал жаңа тұтынушылық кредиттер беру пайызға артты.

Экономикада қызмет көрсету саласының қалпына келе бастағаны байқалады. Жыл басынан бері ақылы қызметтерге жұмсалатын шығыстар үлесі өсті. Өткен жылы олар карантиндік шектеулер кезінде азайған болатын. Соңғы деректерге сәйкес, биылғы 2-тоқсанда үй шаруашылықтарының қызметтерге арналған атаулы шығыстарының үштен бірінен астам мөлшері 36,2 пайызға өскені тіркелді.

Біздің болжамымызға сәйкес, жыл соңына дейін және орта мерзімді перспективада үй шаруашылықтарын тұтынудың серпінді өсуі жалғасады. Осы жылдың екінші жартысында оның көлемі нақты мәнде 2019 жылғы деңгейге жетті. Осыған байланысты тұтынушылық сұраныс тарапынан ішкі бағаларға қысым жалғасады.

Алдымен экономикалық белсенділіктен бастайын. Бұл серпін Brent сұрыпты мұнай бағасын бір баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде болжаған өткен болжамды раундтың оптимистік сценарийіне сәйкес дамып келеді. Нарықтағы позитив пен халықаралық ұйымдардың болжамын ескере отырып, бұл жолы базалық сценарий бойынша мұнай бағасын бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан 70 АҚШ долларына дейін көтердік. Осы алғышарттарды ескерсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ЖІӨ өсімі бұрынғыдай 3,7-4 пайыз шегінде болжанып отыр.

Өсудің негізгі көзі қалпына келіп жатқан тұтынушылық сұраныс болады. Ол халықтың нақты кірісі мен тұтынушылық кредиттеудің өсуімен қолдау тапты. Инвестиция белгілі бір дегейде өседі деген де болжам бар. Сыртқы сұраныстың ұлғаюына және ОПЕК+ мәмілесінің талаптарын ескере отырып, энергия ресурстарын өндіру көлемінің аздап өсуіне байланысты экспорт ЖІӨ-нің өсуіне қосымша қолдау көрсетеді. Ішкі тұтынушылық және инвестициялық белсенділіктің қалпына келуіне байланысты импорттың ұлғаюы керісінше ЖІӨ-нің өсуін шектеуге қабілетті.

Келер жылы не болатыны айтар болсам, 2022 жылы экономика 3,9-4,2 пайызға өседі. Өсу пандемияның іскерлік белсенділікке барынша әлсіз әсерімен және ОПЕК+ шектеулерінің жеңілдеуі салдарынан энергия ресурстарын өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етіледі.

ОПЕК+ мәмілесіне сәйкес, мұнай өндіруді біртіндеп ұлғайту және келесі жылы уағдаластық мерзімдерін кейіннен аяқтау энергия ресурстарын өндіру көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Бұл экспортқа да, инвестициялардың барынша белсенді серпініне де оң әсер етеді. Өсу факторлары биылғы көрсеткіштермен қалады.

Енді инфляцияға тоқталсам, осы жылдың соңына дейін инфляциялық процестер 8,5-8,7 пайызға дейін баяулайды деген болжам бар. Биыл қарашада инфляция жыл басынан бері алғаш рет баяулағанын көріп отырмыз. Үкімет пен әкімдіктер қабылдаған инфляцияға қарсы жедел іс-шаралар оң нәтиже берді. Осыған байланысты жыл соңына қарай Мемлекет басшысының алға қойған мақсаты – инфляцияны 8,5 пайыз деңгейіне дейін төмендетуге қол жеткізуге жақындай түскенімізді көріп отырмыз. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуін жеделдету тамақ өнімдеріне бағаның өсуін баяулатумен ішінара теңестірілетін болады.

Азық-түлік бағасының өсу қарқынының төмендеуі негізінен 2021 жылғы жоғары база есеп айырысуларынан шығуға және айлық өсу қарқынының тарихи мәндеріне қайта оралуына байланысты болады. Алайда, Қазақстанда және әлемде жекелеген азық-түлік тауарларына бағаның жоғары өсуі осы дезинфекциялық серпінді тежейді. Азық-түлік бағасының неғұрлым жоғары өсуіне қатысты елеулі тәуекелдер де сақталып отыр.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасындағы инфляциялық процестердің жеделдеуі халықтың сатып алу белсенділігінің одан әрі артуына және жеткізу тізбектерінің бұзылуы жағдайында импорттық бағалардың өсуін күтуге байланысты болады.

Сондай-ақ қысқа мерзімді перспективада ақылы қызметтер бағасының қалыпты өсуі болжанып отыр. Бұл, көбіне, тұрғын үй-коммуналдық реттелетін қызметтер нарығындағы қазіргі тарифтердің сақталуына байланысты.

Тұтынушылық белсенділіктің қалпына келуі, жоғары инфляциялық күтулер, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнының өсуі арқылы жанар-жағармай бағасы өсімінің жанама ықпал етуі тұтыну қоржынының тауарлары мен қызметтерінің баға белгілеуіне қосымша әсер ететді. 

Осының нәтижесінде біздің бағалауымызша 2022 жылы жылдық инфляция біртіндеп баяулайды және 6-6,5 пайыз шегінде қалыптасады.

Үкімет тарапынан Инфляцияға қарсы ден қою іс-шараларының кешені тиімді іске асырылған жағдайда келесі жылы инфляцияның баяулауы барынша серпінді болуы мүмкін.

Расында, тәуекелдер жоқ емес, бар. Біріншіден, инфляцияның базалық сценарийден ауытқу тәуекелдері жоғары. Алдымен, бұл – әлемдік экономиканың қайта құлдырауы жағдайында мұнай бағасының күрт төмендеу тәуекелі. Мұндай жағдай 2020 жылғы көктемде болған еді. Бұл жолы COVID-19 жаңа штамдарына, оның ішінде «омикронға» шалдығушылар санының өсуіне қарай шектеу іс-шараларын енгізумен байланысты болуы мүмкін.

Алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда, сыртқы инфляция импортының тәуекелі артты. Энергия тасымалдаушыларға бағаның өсуі және жеткізу тізбектерінің үзілуі әлемде елеулі инфляциялық қысымға алып келеді. Кейбір талдаушылар бұл процестерді әлі де уақытша деп есептейді. Бірақ олар неғұрлым ұзаққа созылып, инфляцияның өсуіне алып келуі мүмкін.

Екіншіден, жоғары және ұзақ инфляциялық қысым салдарынан дамыған елдер тарапынан ақша-кредит жағдайларының күрт күшею тәуекелі жоғары болып қалып отыр. Бұл фактор дамушы елдерден капиталдың әкетілуіне және олардың валюталарының әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл инфляцияның бұдан былайғы автоматты түрде жеделдеуіне, оның ішінде Қазақстанда да жеңілдеуіне алып келеді.

Үшіншіден, Қазақстанда бидай түсімінің аз болғаны бар және жанар-жағармай мен электр қуаты құнының көтерілуі аясында өндірістің өзіндік құнының ықтимал өсуіне байланысты ұсыныс факторлары тарапынан инфляцияның қарқын алу тәуекелі сақталып отыр.

Нәтижесінде, орта мерзімді перспективада азық-түлік инфляциясының жоғары болуы және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бағасының аса жоғары өсуі жағдайында инфляциялық күтулердің тұрақтанбау тәуекелі сақталады.

Инфляциялық қысым бұрынғыдай жоғары болып тұр. Сондықтан ақша-кредит саясатын күшейту кезеңін тоқтату туралы алдын ала айтудың өзі жеткілікті.

Мандатқа сәйкес біздің негізгі бағдарымыз – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны нысаналы дәлізде сақтау. Себебі, тұрақты төмен инфляция – экономиканың орнықты дамуының кепілі. Қазіргі жағдайда мөлшерлемені төмендете беру теріс салдарға әкелуі мүмкін екенін бұрын да бірнеше рет айтып өткенмін. Бұл қадамға бармайтынымыз және оның себептері нарыққа түсінікті. Нарықпен қарым-қатынасымыз барынша айқын, қазіргі жағдайларда сыртқы және ішкі факторларға қатысты қолданылған іс-әрекеттер орынды.

Енді факторларға тоқталсақ. Базалық мөлшерлеме жөніндегі жуырдағы шешімдерде барынша мұқият бақыланатын факторларды атап көрсетейін.

Біріншіден – бұл күтілетін және нақты инфляциялық үрдістер. Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесіп іске асырылып жатқан Инфляцияға қарсы ден қою іс-шаралар кешені әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасының жылдық өсімін бәсеңдетті. Бұл – азық-түлік инфляциясы үшін өте қолайлы кезең. Бірақ, сәтті болуына қарамастан ол уақытша әсер ететін шұғыл іс-шаралар саналады. Үкіметтің орта мерзімді перспективада монетарлық емес инфляцияны төмендету үшін құрылымдық шешімдерді қалай іске асыратыны маңызды.

Екіншіден – сыртқы сектордағы жағдай. Қазақстан үшін негізгі шикізат, тауар мен азық-түлік нарықтарында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы аясында белгісіздік жоғары болып тұр. Оның ауқымын және әлем елдерінің экономикалық саясатына, Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайға және іскерлік белсенділікке әсерінің ұзақтығын түсіну қажет.

Үшіншіден – инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде сақталу тәуекелдері. Оларды тұрақтандыруға ұмтылу базалық мөлшерлемені арттырудың дәлелі болмақ.

Ұлттық Банк сыртқы сектордағы және ішкі нарықтардағы жағдайды мұқият бақылап отырады. Нысаналы бағдарларға қол жеткізуде қатер туындаған жағдайда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті құралдар бар.