2022 жылдың соңында әлемдік автокөлік нарығы жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылымы бойынша 2021 жылдың көрсеткіштеріне жақындай алмады деуге болады. Былтыр бүкіл әлем бойынша дилерлер 81 млн-ға жетер-бетпес жаңа көлік сатты. Көрсеткіш 2021 жылдағыдан 0,6% аз, деп хабарлайды energyprom.kz.
Тіпті автокөлік нарығы мен автокөлік өнеркәсібінің көшбасшысы Қытайда сатылым көлемі бір жылда 4,4% өсіп, 26,6 млн-ға жеткенімен, әлемдік көрсеткішті жақсарта алмады. Ал бұл рекордтық 28,6 млн автокөлік өндірген 2017 жылдан кейінгі ең ірі көрсеткіш.
АҚШ-та сатылым 7,8% азайып, 13,7 млн, Батыс Еуропада – 6,2%, 11,6 млн болды. Жапонияда 2022 жылы сатылым көлемі 1977 жылдан бергі минимумға құлдырап, 2021 жылдағыдан 5,2% азайып, 4,2 млн ғана көлік сатылды. Осылайша төртінші жыл қатарынан сатылым азайып отыр.
2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда сатылымның ең елеулі төмендеуі Шығыс Еуропада байқалды: 26,8% құлдырап, 2,9 млн болды. Оған Ресейдің Украинаға соғысы әсер етті. Көрсеткіштің төмендеуіне бірінші кезекте Ресейдің өзіндегі сатылымның бірден 60% азаюы ықпал етті.
Қазақстанда 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жаңа жеңіл автокөлік пен коммерциялық техника сатылымы бір жылда 5,3% өсіп, 123,8 мыңды құрады. Қазақстанның автокөлік өнеркәсібі Ресейден жеткізілімге және дистрибуцияға тәуелділікті азайта алды, сондай-ақ шығарылатын автокөлік ассортиментін ұлғайта алды. ҚР-дағы автокөлік жеткізушілермен де дер кезінде жұмыстар жүргізілді.
Қазақстанда 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында сатылған жаңа жеңіл көліктердің жартысынан көбі дәстүрлі түрде екі жетекші брендтерге – Chevrolet және Hyundai маркаларына тиесілі: тиісінше 34,3 мың және 28,9 мың автокөлік. Өткен жылмен салыстырғанда Chevrolet сатылымы 17,8%, Hyundai сатылымы бірден 27% өсті. Үздік бестікке сонымен қатар Kia (14,4 мың), Toyota (9,6 мың) және Lada (7,4 мың) кіреді.
Бір қызығы, жаңа көліктердің сатылымы бойынша үздік 10 брендке бірден төрт қытайлық бренд кірді - Chery (4,5 мың), Jac (3,4 мың), Exeed (1,9 мың) және Haval (1,5 мың).
2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында сатылған жеңіл автокөлік модельдері ішінде Chevrolet Cobalt көшбасшы: 23,2 мың автокөлік. Одан кейінгі орындарда Hyundai Tucson (8,9 мың көлік) және Chevrolet Nexia (7,1 мың көлік).
Сонымен бірге, алғашқы ондыққа Tucson-нан басқа тағы төрт Hyundai моделі (Elantra, Sonata, Accent және Santa Fe), сондай-ақ бір Toyota (LC PRADO), Kia (Sportage) және Lada (Granta) модельдері кіреді.
Егер 2022 жылдың соңғы айы туралы айтатын болсақ, мұнда жаңа жеңіл көлік пен коммерциялық техниканың жаһандық сатылымының көлемі 7,4 миллион автокөлікті құрады, 2021 жылдан бар болғаны 0,1% көп.
Айтарлықтай өсім Батыс Еуропада байқалды: 12,8% көбейіп, 1,1 млн болды. Сату өсімінің қалпына келуі АҚШ пен Канадада байқалды: сатылым сәйкесінше 7,4% және 7% өсті. Латын Америкасында, Жапония мен Кореяда да өсім байқалды. Сонымен қатар, Қытайда, керісінше, 2021 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда сатылымдар 11,8% төмендеді. Шығыс Еуропада да 7% төмендеді.
Қазақстанда 2022 жылдың желтоқсанында сатылымның айтарлықтай өсуі байқалды: бірден 28,3% көбейіп, 13,8 мыңға жетті. Егер ҚР бойынша жыл қорытындысын шығаратын болсақ, онда жеңіл көлік пен жеңіл коммерциялық көлік ең сатылған уақыт «қайғылы қаңтар» айы. Бұл айда бар болғаны 3,9 мың көлік сатылды. Кейін нарықта бірқатар ауытқулықтар болып, динамика қалпына келді.