Әлем бойынша автокөлік нарығы қиын кезеңді бастан өткеруде. Микрочип өндірісінің азайғаны жаңа көлік өндірісін, тиісінше жаңа көліктер саудасын төмендетті. 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда әлемде жаңа көлік саудасы 17,7% азайып кетті.

Биыл жылдың алғашқы алты айында өндірістің былтырғы бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 29,4% көп болғаны белгілі. Ал Қазақстанда 2021 жылдың қаңтар-тамыз аралығында былтырғы осы уақытпен салыстырғанда жаңа көліктер саудасы 39% көбейді. Салыстыру үшін айта кетейік, Ресейде өсім 21,3%, Қытайда 20,1%, Жапония 7,9%, Германияда 2,5% болды.Есесіне Оңтүстік Кореяда 3,4%, Өзбекстанда 35,7% азайып кетті.

Жыл басынан бері Қазақстанда 73,4 мың жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл коммерциялық техника сатылды. Былтырғыдан 39% көп. Былтыр осы уақытта өсім 21,9% болса, 2019 жылы 19,6% болған еді.

Дей тұрғанмен, соңғы айда, қыркүйекте сатылым көрсеткіші былтырғыдан бар болғаны 3,3% ғана көбейіп 10,5 мың болды.

Қазақстанда сатылым өсімі бәсеңдесе, әлем бойынша көрсеткіш құлдырап барады. Әлем бойынша жаңа көлік саудасы қыркүйекте былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда 20,3% азайып кетті. Соның ішінде Ұлыбританияда 34,4%, Жапония мен Италияда 32,7%, Ресейде 22,6% азайды. Сонымен қатар Испания, Франция, Оңтүстік Кореяда да төмендеді.

Микрочип ташылығынан бөлек автокөлік өндірісіне кері әсер етіп жатқан факторлар ретінде логистикалық мәселелерді, Ұлыбритания мен Қытайдағы энергетикалық дағдарысты, шикізаттың қымбаттауы мен магний тапшылығын атауға болады.

Көп елдерде тіпті соңғы төрт ай бойы жаңа көлік сатылымы төмендеп келеді.

Жалпы, болжам бойынша биыл 110–115 мың жаңа көлік сатылмақ. Бұл былтырғыдан 18%–24% көп. Ал 2020 жылы 150–160 мың көлік сатылмақ.