Халықаралық Еңбек Ұйымының (International Labour Organization) «Жаһандық жұмыспен қамту және әлеуметтік перспективалар: 2023 жылғы үрдістер» есебінің мәліметтеріне сай, 2022 жылдың аяғында дүние жүзінде жұмыссыздар саны 205,2 млн адамды құрады – 2021 жылмен салыстырғанда 11,2 млн-ға, 2020 жылғы «коронадағдарыс» кезіндегіден бірден 30 млн адамға аз. Алайда, «коронадағдарыс» алдындағы 2019 жылмен салыстырғанда 13,3 млн адамға көп, деп хабарлайды ranking.kz.

2023 жылы ХЕҰ болжамынша, жұмыссыздар саны 3 млн-ға артып, 208,2 млн-ға жетеді. Ал 2024 жылы жұмыссыздар саны 210,9 млн адам болмақ. 

2022 жылы жаһандық жұмыссыздық деңгейі 5,8%-ды құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (6,2%) және 2020 жылғы «коронадағдарыс» кезінегіден (6,9%) төмен, бірақ 2019 жылғы көрсеткіштен (5,5%) жоғары. Сонымен қатар, 2023-2024 жылдары ХЕҰ болжамынша, жұмыссыздық деңгейі қазіргіден өзгеріссіз қалады (5,8%).

Жұмыссыздық деңгейі  гендерлік ерекшеліктерге қарай айтарлықтай өзгермейді. Мысалы, 2022 жылы әйелдерде жұмыссыздық деңгейі 5,8% болса, ерлерде арасында 5,7% болды. Ал 2023-2024 жылдары ерлер арасындағы жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалып, әйелдер арасындағы жұмыссыздық көбейіп, 5,9% болмақ.

Табыс деңгейі бойынша мемлекеттер тобына бөлгенде 2022 жылы жұмыссыздықтың ең төменгі деңгейі табысы жоғары елдерде байқалды: 4,5%. Бұл ретте ХЕҰ аталған көрсеткіш 2023 жылы 4,9%-ға, 2024 жылы 5%-ға жетеді деп болжайды.

Ал табысы төмен елдердегі жұмыссыздық деңгейі қазір 5,8% болса, 2023-2024 жылдары болжам бойынша 5,7%-ға төмендемек. 

Табысы ортадан жоғары елдерде (Қазақстаннан басқа, мысалы, Ресей, Түркия және Қытай секілді елдер) 2022 жылы жұмыссыздық деңгейі 6% болды, ал 2023-2024 жылдары, ХЕҰ болжамынша, 5,8 % болмақ.

Жұмыссыздық деңгейі ең жоғары елдер табысы ортадан төмен елдер: 6,2%, Болжам бойынша 2023-2024 жылдары көрсеткіш айтарлықтай өзгермей, тиісінше 6,1% және 6,2% деңгейінде болады.

2022 жылы макроаймақтар бойынша жұмыссыздық ең төмен аймақ Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдерде байқалады: 5,2%. ХЕҰ болжамы бойынша, 2023-2024 жылдары жағдай осылай қалады, тіпті 5,1%-ға дейін төмендейді. Айта кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жұмыссыздық деңгейі 2022 жылы небәрі 2,6%, Тынық мұхиты аралдарында — 3,6%, Шығыс Азияда — 4,6%, Оңтүстік Азияда — 7,2% болды. 

Батыс жартышарда жұмыссыздық деңгейі орташа әлемдік деңгейге тең: 5,8%. Болжам бойынша, көрсеткіш 2023 жылы 6,1%-ға, 2024 жылы 6,2%-ға дейін өседі. Бұл ретте Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде бұл көрсеткіш 7% болса, 2024 жылы ол 6,9%-ға дейін төмендейді, ал Солтүстік Америка елдерінде (АҚШ және Канада) бар болғаны 3,8%, бірақ 2023 жылы 4,7%-ға дейін, ал 2024 жылы 5,1%-ға дейін өседі.

Еуропа мен Орталық Азияда жұмыссыздық деңгейі 2022 жылы 6,1%-ды құраса, 2023-2024 жылдары 6,3%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Бұл ретте Солтүстік, Батыс және Оңтүстік Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 6,3% болса, Шығыс Еуропада 5%. Орталық және Батыс Азия елдерінде жұмыссыздық деңгейі 7,7%-ды құрады. 2023-2024 жылдары Солтүстік, Батыс және Оңтүстік Еуропа елдерінде көрсеткіш 6,6%-ға дейін, Шығыс Еуропада – 5,1%-ға дейін, Орталық және Батыс Азияда – 7,8%-ға дейін артуы мүмкін.

Африка елдеріндегі жұмыссыздық деңгейі 2022 жылы 7,1%-ды құрады, 2023 жылы ол өзгермейді, ал 2024 жылы 7%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар, жұмыссыздық деңгейі көрсеткішінде Солтүстік Африка мен Сахараның оңтүстігіндегі елдер арасында айырмашылық бар: тиісінше 6,4% және 11,3%.

Ең жоғары жұмыссыздық деңгейі араб мемлекеттерінде: 2022 жылы 9,3%-ды құрады. Сонымен қатар Парсы Шығанағы Араб Мемлекеттерінің Ынтымақтастық Кеңесіне (ПШАМЫК) мүше елдерде бұл көрсеткіш небәрі 4%-ды құрады, бұл таңқаларлық емес, өйткені бұлар негізінен мұнай мен газды экспорттаушы елдер. (Бахрейн, Катар, Кувейт, БАӘ, Оман және Сауд Арабиясы). Сонымен қатар, ПШАМЫК-қа кірмейтін араб мемлекеттерінде жұмыссыздық деңгейі әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі: 14,3%.