Алатау қаласының электр энергиясына жалпы қажеттілігі 2 мың мегаватт көлемінде болады, деп хабарлады Энергетика министрлігі. Бұл — елдегі қазіргі жалпы электр қуатының шамамен 10%-ына тең.
2025 жылғы 15–16 қазанда Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында ALATAU RISE With Kazakhstan атты халықаралық роуд-шоу өтіп жатыр. Іс-шара «болашақтың ұлттық жобасы – Alatau city» қаласын таныстыруға арналған. Роуд-шоуға Қазақстан вице-премьері Қанат Бозымбаев бастаған делегация қатысып жатыр.
«Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс роуд-шоу барысында жаңа Алатау қаласының заманауи энергетикалық инфрақұрылымын дамыту стратегиясын таныстырды. Alatau city-ді энергиямен қамтамасыз ету аясында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) және Smart Grid технологияларын біріктіру жоспарланып отыр. Бұл шешім қаланың 2 мың МВт-қа дейінгі энергия қажеттілігін ескере отырып қабылданған», – делінген министрлік таратқан хабарламада.
KEGOC мәліметінше, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан электр станцияларының жалпы орнатылған қуаты — 25 314,2 МВт, ал қолжетімді (нақты) қуат — 21 034,6 МВт. Осылайша, бір ғана Алатау қаласына елдің қазіргі қолжетімді қуатының шамамен 10%-ы қажет болады.
Министрлік бұл көлемнің не үшін қажет екенін нақтыламады. Мұндай сұраныс деректерді өңдеу орталықтары (data centers) мен жасанды интеллект (AI) инфрақұрылымын дамыту жоспарымен байланысты болуы мүмкін.
Энергетика министрлігінің ақпаратына сәйкес, қаланы электрмен жабдықтаудың екі сценарийі қарастырылып жатыр: газтурбиналық қондырғыларды пайдалану арқылы аралас жүйе; ұлттық энергетикалық жүйеге қосылу.
Алатаудың жылумен қамтамасыз ету жүйесі орталықтандырылған және баламалы көздерге негізделмек. Олардың қатарында күн коллекторлары, жылу сорғылары және сутегі энергиясы бар.
Бақытжан Ілияс сонымен қатар Қазақстанда сутегі энергетикасын дамыту маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, сутегі көлік саласында экологиялық таза отын ретінде үлкен әлеуетке ие, ал энергетика саласында ЖЭК үлесі жоғары жүйелерді теңгерімдеудің тиімді құралы бола алады. Бұдан бөлек, сутегі ауыл шаруашылығында тыңайтқыш өндірудің негізгі элементі ретінде де маңызды рөл атқарады.
Вице-министр Қазақстанның Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше қызығушылық білдіретінін айтты. Бұл бағыттағы серіктестік технология енгізу, инвестиция тарту, қауіпсіздік стандарттарын әзірлеу, сутегі көлігін дамыту және кадр даярлау салаларын қамтиды.
Роуд-шоу аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Жасыл өсімнің жаһандық институты (GGGI) H2G бастамасы аясында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат таза сутегі жобаларын ілгерілетуге және жасыл өсімді қолдауға бағытталған. Тараптар экологиялық таза технологияларды енгізу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және энергетика секторының көміртек ізін азайту үшін күш біріктіруге уағдаласты.
Роуд-шоу барысында Сингапур мен Оңтүстік Кореяның жетекші компанияларының қатысуымен әзірленген жаңа қаланың мастер-жоспарының негізгі бағыттары таныстырылды. Жоба өнеркәсіп, энергетика, көлік және жайлы қалалық орта қалыптастыруда заманауи технологияларды енгізуді көздейді.