25 қыркүйектен бастап Alatau City Market өз жұмысын тоқтатады. Банк өкілдері бұл шешімді бизнес-басымдықтардың өзгеруімен түсіндірді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі Naryk.kz тілшісіне айтты. Олардың сөзінше, маркетплейс – дербес бизнес-құрылым және оның жабылуы банктің негізгі қызметіне әсер етпейді.
Alatau City Bank еліміздегі ең ірі қаржы институттарының бірі: активтер көлемі бойынша – 6-орында, меншікті капитал бойынша – 3-орында.
Банкке қатысы жоқ сервистер жабылып жатыр
Банк кейінгі айларда азық-түлік жеткізу, әуе және теміржол билеттерін броньдау, кино мен театр билеттерін сатып алу қызметтерін де тоқтатты.
«Бұл шешім біздің басымдықтарымыздың өзгеруіне және жаңа жобаларға назар аударуға байланысты. Қызметтерді қайта іске қосу жоспарланбайды», – деді банк өкілдері.
Айта кетсек, шілде айында банкті кәсіпкер Вячеслав Ким сатып алған. Бұған дейін-ақ банк Jusan Mobile жобасын жапқан және ребрендинг жасаған болатын.