Интернеттегі алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінен жәбір көргендер былтырдың өзінде 21 миллиард теңгесінен айырылып қалған. Жалпы, ғаламтор арқылы жасалатын осындай қылмыстық операциялар саны соңғы алты жылда 2 мыңнан 21 мыңға дейін артқан. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкі Төлем жүйесі басқармасының басшысы Айдос Нұрбаев Алматыда журналистерге арнап өткізілген семинар барысында мәлімдеді. Оның сөзінше, жалған транзакциялар мен құпия ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізу жағдайларының артуы цифрлық қызметтердің қарқынды дамуымен тікелей байланысты. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу әдістеріне кеңінен көшкен заманда заңға қайшы әрекеттер көбейген.
Бұл ретте, мемлекет алаяқтармен арпалысқа тосқауыл қоймақ. Заңнамаға өзгерістер енгізілген соң, 22 шілдеден бастап елімізде алаяқтыққа қарсы орталық жұмысын бастайды. Осылайша, екінші деңгейлі банктер мен құқық қорғау органдары ортақ ақпаратқа ие болады. Бұған дейін әр банк айлакерлермен дербес күресіп, оларды өздерінің қара тізімдеріне қосып отыратын.
«Антифрод-орталықтың міндеті – азаматтардың қаражатын алаяқтық операциялардан қорғауды қамтамасыз ету, ондай арам пиғылды жағдайлар орын алса, жедел шара қабылдау және оларды уақытында бұғаттау. Қазіргі уақытта бұл жобаға республиканың 14 банкі қосылған. Яғни, бұл орталық арқылы жинақталған ақпараттар енді автоматты түрде Ішкі істер министрлігіне жіберіліп отырады», — деді ҚР Ұлттық Банкі Төлем жүйесі басқармасының басшысы Айдос Нұрбаев .
Қазақстанның қаржы нарығы және реттеуші органдардың негізгі жобалары жөнінде өткізілген семинарда цифрлық теңге және QR-төлемдерді қабылдауға арналған банкаралық іс-қимыл мәселелері де сөз болды. Сонымен қатар, жиында жалған ақша жасаушылармен күрес әрекеттері де талқыланды.
ҚР Ұлттық Банкі қолма-қол ақша айналымы басқармасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, технология дамыған заманда жалған ақша жасаушылар да айласын іске асырып әлек. Осылайша, олар қолма-қол қаражаттың дизайнындағы қиын элементтердің көшірмесін айнытпай орындайтын болған, дейді ол.
«Сондықтан әлемдік тәжірибеде жалған ақша жасаудың алдын алу үшін әрбір 7-8 жыл сайын банкноттардың дизайны өзгереді, жаңа банкноттар шығарылады, жаңа қорғау дәрежесі енгізіледі, банкноттарды өндіруде жаңа технологиялар қолданылады», — деп атап өтті ҚР Ұлттық Банкі қолма-қол ақша айналымы басқармасының бас дизайнері Санжар Нұрқасымов.
Айта кетейік, 28 маусымда айналымға еніп жатқан жаңа он мыңдық банкнотаның 19 қорғаныс элементі бар. Санжар Нұрқасымов аталмыш банкнотаның көшірмесін қолдан жасауға мүмкін еместігін алға тартып отыр. Себебі оның микрооптикалық қорғаныс жібі және арнайы сиясы бар. Яғни, жаңа онмыңдықтар бұған дейін еш жерде қолданылмаған жаңа технологиямен жасалған.