2020 жылдың 29 маусымы мен 3 шілдесі аралығында «Астана» халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен үшінші рет дәстүрлі Astana Finance Days мамандандырылған қаржы конференциясы өтеді.
«Құбылмалы әлемдегі нарықтар» аталған биылғы конференцияға әлемнің 40-тан астам елінен 10 мыңнан астам қатысушы келеді деп жоспарланған. Сонымен қатар онлайн өтетін шараға қаржы, экономика, заң және өзге де салалардағы отандық және шетелдік сарапшылар, саясаткерлер, бизнестің, мемлекеттік қызмет және ғылыми ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компаниялардың өкілдерінен құралған 100-ден астам спикер де қатысады.
Соңғы жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылығы шетелдік ірі корпорациялардың қызығушылықтарын оята бастады. Мәселен, 2019 жылы отандық ауыл шаруашылық саласы 1,1 млрд доллар инвестиция тартқан. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 41% артық. Ал алдағы 5 жылда аталған көрсеткіш 10 млрд доллардан асады деген болжам бар. Осы орайда, халықаралық қаржы конференциясы аясында отандық және шетелдік мамандар мен сарапшылар және тиісті мемлекеттік орган өкілдері ауыл шаруашылық саласының әлеуетті секторларына қаржы салудың тиімділіктері туралы пікір алмасады.
Сонымен қатар, халықаралық қаржы конференциясы аясында АХҚО Business Connect ұйымдастыруымен «АХҚО-да мәмілелерді құрылымдау» және «АХҚО-дағы фандрайзинг» атты панельді сессияларда «Астана» халықаралық қаржы орталығында жеке компанияларға берілетін көптеген артықшылықтар туралы айтады. Бұдан бөлек, «Халықаралық қаржы орталықтары: пандемиядан кейінгі әлемде ШОБ өсуін қолдау», «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік: тиімді серіктестікке жетудің өзара пайдалы тәсілі» атты сессияларда мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігі туралы ойлар ортаға салынады.
Айта кетейік, биыл COVID-19 пандемиясының асқыруына байланысты дәстүрлі конференция онлайн режимде өткізіліп отыр. Бес күндік шараның кез келген сессиясын конференцияның ресми сайты astanafindays.org сайтына тіркеліп, нақты уақытта көре аласыздар.