Инвестиция салуға мінсіз компания да, оны таңдайтын мінсіз әдістеме де жоқ. Алайда, терең зерттеу жасап, барынша көп табыс әкелетін немесе салыстырмалы түрде тәуекелі төмен компанияларды анықтауға болады. 

Ол үшін сіз таңдаған компанияның қай салада жұмыс істейтіні, қандай қызмет немесе тауар ұсынатыны, компанияның табысы мен шығыны, компанияның жоспары, оның активтеріне көңіл аудару керек. Тіпті, компанияның бірінші басшысының көпшілік алдындағы имиджі мен репутациясы да өте маңызды. Сонымен қатар, әрине, компания тіркелген немесе жұмыс істейтін елдегі экономикалық және саяси жағдайды да назардан тыс қалдырмау керек. 

Қай салалар өсіп, қай салалар дағдарысқа ұшырап жатқанына қараңыз

Ұзақмерзімді немесе қысқармерзімді тарихи кезеңдерде кей салалар өсім көрсетіп, кей салалар керісінше құлдырайды. Бұл әдетте жаһандық және ұлттық саяси-экономикалық жағдайларға тікелей байланысты. Инвестиция жасау үшін ең алдымен экономикалық және қаржылық сауатты болу керек десек, қаржыңызды да өзіңіздің білетін салаларға салудан бастағаныңыз жөн. Экономиканың белгілі бір саласының мамыны болмасаңыз да, соңғы жаңалықтарын тұрақты оқып тұратын, қызығушылығыңыз бар саладан бастағаныңыз абзал. 

Егер ешқандай саладан жеткілікті деңгейде хабардар болмасаңыз, соңғы уақытта көп сұранысқа ие болып жатқан салаларды байқап көруге болады. Мәселен, пандемия кезінде медицина мен ақпаратты технология салалары айтарлықтай өсім көрсетті. Әлемге тараған індеттен құтылу үшін үкіметтер медицина саласына инвестицияны көбейтті. Нәтижесінде, мәселен, АҚШ-та ресми түрде COVID-19 вирусына қарсы вакцинация 2020 жылдың 20 желтоқсанында бастады. Алғашқылардың бірі болып вакцина ұсынған Johnson&Johnson компаниясының акциясы 2020 жылдың 18 желтоқсанда 154,51 доллардан алты айда, 18 маусымға дейін 161,98 долларға қымбаттады. Айта кетерлігі, компания акциясы вакциналау ресми басталмай тұрып, пандемия басталған кезден бастап бірдіндеп қымбаттай бастаған. Сол секілді алғашқы болып вакцина жасап шығарған Moderna акциясы 140,23 доллардан алты айда 199,19 долларға дейін, Novavax акциясы 124,85 доллардан 174,41 долларға дейін қымбаттады. 

Яғни, жаһандық және ұлттық ахуал нарыққа бірден және тікелей әсер етеді. Қазіргі жағдайдың беталысына қарап, қай салаларға сұраныстың көбейетінін қарау қажет. Мәселен, 2019 жылдың 19 сәуірінде 62 доллармен нарыққа шыққан Zoom компаниясының акциясы COVID-19 пандемиясы салдарынан тура бір жылдан кейін 150,06 долларға дейін қымбаттаса,  2020 жылдың 19 қазанында тарихи рекорд  588,84 долларға жетті. Бұл уақытта медицина саласындағы компаниялардың да құнды қағаздары үшін қолайлы уақыт болғаны белгілі. 

Қаржылық көрсеткіштер

Биржада саудаланатын барлық компания өз акционерлері алдында есеп беруге міндетті. Компанияның ахуалы қандай болып жатқанын оның қаржылық есептілігінен білуге болады. Әдетте компаниялар ондай есептілікті өзінің ресми сайтында әр тоқсан сайын немесе жылына бір мәрте жариялап отырады. Есептіліктен білуге болатын деректер: 

  • Компанияның қанша табыс табатыны; 
  • Қарыздары; 
  • Өндіретін өнімінің табыстылық деңгейі;
  • Өндірістік шығындары;
  • Негізгі клиенттері мен серіктестері және тағы басқа қаржылық мәліметтер қамтылады.  

Компанияның ерекше қаржылық көрсеткіштерінің бірі – дивиденд. Акционерлерге уақытылы дивиденд төлей алатын компания сенімді кәсіпорын санатына кіреді. Сондықтан бірінші кезекте компанияның дивиденд төлейтінін немесе төлемейтінін, төлесе қанша сома беретінін анықтап көріңіз. 

Дивидендтен бөлек компанияның өзіндік құнының да өсім потенциалын анықтау қажет. Егер компания бизнесі дамыса, дивидендсіз де сіздің салған инвестицияңыз акцияның қымбаттауы есебінен еселеп өседі. Ол үшін, саладағы жаңалықтар мен жалпы экономикалық ахуалды бақылап отырған жөн. Осы орайда, компанияның жоспарымен де таныс болған абзал. 

Компанияның жоспары

Нарықтағы қызметін ашық жүргізетін компаниялар өзінің қысқа, орта және ұзақ мерзімді жоспарын жасырмайды. Оны қоғам және акционерлер назарына ашық ұсынады. Бұл сіздің инвестициялық ниетіңізге де байланысты. Егер сіз қысқа мерзім ішінде табыс табуды көздеген болсаңыз, онда сізді компанияның қысқа мерзімді перспективадағы даму жоспары қызықтыратыны сөзсіз. 

Даму перспективасы жоспарының ұзақ немесе қысқалығына байланысты компания табысы да құбылмалы болады. Есептілікке қарап отырып компанияның бизнесті қаншалықты табысты жүргізіп жатқанын аңғаруға болады. Кей компаниялар даму стратегиясын бөлек жариялайды. Онда әдетте өндіріс пен табысты қаншаға ұлғайтуды жоспарлап отырғандары, инвестиция көлемі көрсетіледі. 

Компания активтері

Компания активін айналымдағы және айналымдағы емес деп екіге бөлуге болады. Айналымдағы активтер – кәсіпорынның бүкіл шығындары, айналым қаржысы, қоры, дебиторлық берешектер, дайын өнім, ақша қаражаты және болашақтағы кезеңдердің шығыны. Айналымға жатпайтын активтер ретінде негізгі қорларды, қысқа мерзімді инвестицияны және материалдық емес активтерді айтамыз. 

Акция сатып алмай тұрып кәсіпорынның активтеріне талдау жасау компанияның қаржы-экономикалық жағдайынан егжей-тегжей хабардар болуға мүмкіндік береді. Кей активтер компанияға табыс әкелудің орнына керісінше шығынға ұшыратуы мүмкін. Мәселен, егер компания жаңадан бір зауыт сатып алып, алайда ол зауыт тауар шығаруға қуаты жетпей, шығындалып жатқан болса, бұл сіздің инвестицияңыздың ақтамауы ықтимал. Сол үшін сіз ақша салған компания активтерінің қаншалықты сапалы және пайда әкеле алатынына көз жеткізіңіз. Ол үшін компанияның жекелеген активтерінің өзіндік қаржылық көрсеткішін бір шолып шыққан абзал.

Компания мен бірінші басшының репутациясы

Қазір инвесторлар, әсіресе институционалды инвесторлар тек ақшалай табысқа ғана көңіл аудармай, репутацияға да көп мән береді. Кей жағдайда тіпті репутация табыстан бұрын тұруы да мүмкін. 

Ол үшін құнды қағазын сатып алған компанияның қоғам алдында заң жағынан және моральдық жағынан таза болуы керек. Компанияның жемқорлық дауларына ұрынуы, күмәнді операция жасауы, серіктестері алдындағы міндеттерін толық немесе лайықты орындамауы, экология, әлеуметтік және корпоративті жауапкершілік алмауы, яғни ESG (environment, social, governance) стандарттарын сақтамауы оның халық пен билік және бизнес алдындағы қадірін кетіріп, тура және ауыспалы мағынасында оның құнын түсіреді. 

2015 жылы Volkswagen компаниясы 30 млрд еуролық дауға тап болды. Компания өндірген 11 млн көлікке зиянды қалдықтардың көлемін жасыратын құрылғы орнатылғаны анықталды. Компанияның бұл заңсыздығы ресми әшкереленгеннен кейін оның акциясы бірден 160 евродан 130 евроға құлдырайды. Арада бірнеше күн өткенде компания басшылығы мен қызметкерлері ақауды мойындайды, бұл акция құнын тағы арзандатып, 110 евродан төмен түседі. Ақырында іс компания басшысы Мартин Уинтеркомның қызметтен кетуімен аяқталады. 

Компания репутациясы, сонымен қатар, бірінші басшының жеке басына да тікелей байланысты. Бірінші басшы жоғарыда аталған талаптарды сақтап, қоғам мен медиаға ашық болса, халықтың, яғни инвесторлардың да сеніміне ие болады. Ал қазіргі кезде ең қымбат валюта, халықтың сенімі, яғни назары. 

Саладағы технологиялық жаңалықтар (инновация) 

Компания акциясының өсуіне не құлдырауына оның беделі, қаржылық көрсеткіштері және дивиденд саясатынан бөлек саладағы жаңалықтар мен өзгерістер да айрықша әсерін береді. 

Замануи технологияларды пайдаланбау немесе оны бәсекелестерден кеш пайдалану компанияны банкрот етудің төте жолы. Бұл туралы классикалық Kodak компаниясының мысалын келтіре аламыз. 1889 жылы негізі қаланған Eastman Kodak Company өткен ғасырдың екінші жартысында нарықтағы ең алпауыт компаниялардың бірі еді. 1970-ші жылдары камера нарығының 85 пайызын, фильм нарығының 90 пайызын осы жалғыз компания иеленген. 1981 жылы компанияның сатылымы 10 млрд доллардан асады. Алайда XXI ғасырдың басында цифрлық камералар жаппай шыға бастағанда компания бұл жаңа технологияны қабылдамай, консервативті өндірісін инновацияға бейімдемейді. Нәтижесінде 2012 жылы банкрот болып, нарықтан біржола кетті. 

Бертіннен мысал келтіретін болсақ, 10 мамыр күні Google өзінің іздеу технологиясына жасанды интеллектіні енгізгенін хабарлады. Нәтижесінде Alphabet компаниясының (Alphabet Google-дың иесі) акциясы бір күнде 111,75 доллардан 116,57 долларға, яғни 4,3% қымбаттады. Содан бері тұрақты қымбаттай отырып, 7 шілдедегі жағдай бойынша шамамен 119,5 долларға жетті. 

Экономикалық және саяси ахуал

Елдегі экономикалық және саяси жағдай сол жерде жұмыс істейтін компания қызметіне әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені экономикалық жағдайдың құбылуы валюта курсына, сауда-саттыққа әсер етіп, өндіріске де әсерін тигізеді. Ал саяси өзгерістер елдегі бизнестің тұрақтылығына, халықтың әл-ауқатына, кейде салық пен басқа шығындардың өзгеруіне себеп болады. Тіпті, саяси бәсекелестік пен ашық қоғам болмаған елдің экономикалық жағдайы жақсы болса да кей инвесторлар кірмеуі мүмкін. 

Экономикалық тұрақсыздық кезінде инвестиция салуға көп жағдайда кеңес берілмейді. Алайда, кей дағдарыстар нарықта жаңа салалардың гүлденуіне жол ашуы мүмкін. Мақаланың басында айтылғандай, ол үшін қандай салалардың өсім әлеуеті жоғары екенін болмай білу керек. Мысалы, 2008 жылғы қаржы дағдарысы сәтінде S&P 500 индексі 38,5 пайызға құлдырады. Бұл кезде банк секторына, жылжымайтын мүлікке қаржы салу ұтымды шешім болмас еді. Сол секілді, экономика жан-жақты цифрландырылып жатқан қазіргі кезде цифрлық технологияларға қаржы салу пайдаға кенелтуі әбден мүмкін. 

Саяси факторға келетін болсақ, мәселен, сайлау кезінде әлеуметтік саясатты жақтаушы партия жеңіске жетсе, бизнеске салық көбейіп, бюджеттің әлеуметтік бағыттағы шығыны ұлғайтылады. Мұндай кезде бизнестің төлейтін салығы, яғни шығыны қоса өседі деген сөз. Яғни, инвесторларға дивиденд азаяды. Керісінше, егер экономикалық либерал саясаттағы партия билікке келсе, кәсіпкерлікке кедергілер алынып, бизнестің дамуына мүмкіндік берілмек. Бұл жекелеген компанияларға да оң әсер етіп, компания акцияларының табысы да ұлғаюы ықтимал. 

Қорыта айтар болсақ, компания акциясын сатып алу күрделі зерттеуді қажет ететін үлкен жұмыс. Инвестор ретінде тек халық аузында жүрген танымал компанияларға ақша салу жеткіліксіз болар еді. Әр компанияның табысы, оның беретін дивиденді, қарызының бар-жоғы, оның бизнесінің қай жерлерде қалай жүріп жатқаны, компания мен басшысының ел алдындағы абыройы, жаңа технологияларды қабылдауы мен жалпы елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайға да жіті көңіл бөлу қажет.