Қазақстандық ірі төрт банктің акционерлері өздерінің қаржы ұйымдарына ақша құйып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда банк секторын шетелдік тәуелсіз сарапшылар тексерді. AQR деп аталатын бұл тексеріс банктерде ақшаның жеткілікті деңгейде бар-жоғын және берілген кредиттердің қаншалықты қайтарылып жатқанын анықтау үшін жасалды. Нәтижесінде елдегі ең ірі және жеке тұлғалармен жұмыс істейтін 14 банктің төртеуінің жағдайы қиын екені белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, АТФ банкі, ЦентрКредит банкі, Еуразия банкі және Нұрбанкте капиталдың жеткілікті еместігі және нашар несие үлесінің тым көп екені анықталды.

Ақырында 24 сәуір күні Еуразиялық банк "Еуразиялық қаржы компаниясының" банкке 4 млрд теңге капитал құйғанын хабарлады.

"16 сәуір күні банкті капиталдандыру акционерлердің 612,3 мың құнды қағазын сатып алу арқылы жүзеге асырылды", – деп нақтылады банк.

Ал 22 мамыр күні Нұрбанк акционері JP Finance Group (84,4%) банкке 20 млрд теңгеден артық қаражат салды.

Сонымен қатар 25 мамыр күні Центркредит банкі акционерлері Бақытбек Байсеитов пен Владислав Ли өз банктерінің 14,4 млн қарапайым акцияларын сатып алып, қосымша 4,3 млрд теңге әкелді.

Әзірге АТФ банкінің қожайындары үнсіз.

Бұлардан бөлек жоғарыдағы аталған тексерістің қорытындысы бойынша Тенгри банкті де 1 мамырға дейін  капиталдандыру керектігі көретілген. 25 сәуір күні акционері Punjab National Bankбірінші траншты жөнелткенін хабарлалды, бірақ сомасы айтылмады.