«Самұрық-Энергия» АҚ AIX биржасында «жасыл» облигацияларды орналастырып, 18,4 млрд теңге тартты
Astana International Exchange (AIX) «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың 100% еншілес компаниясы - «Самұрық-Энерго» АҚ AIX биржасында 18,4 млрд теңгеге 2028 жылы өтелетін, купондық мөлшерлемесі 11.40% құрайтын дебюттік «жасыл» облигация орналастырғанын хабарлайды. Барлық сома AIX-ке жария жазылу (букбилдинг) арқылы тартылды.
«Halyk Finance» АҚ букраннер және орналастырудың жетекші ұйымдастырушысы ретінде қызмет етті.
Облигациялардың жасыл облигациялар (Second Party Opinion) қағидаттарына сәйкестігі туралы тәуелсіз қорытындыны Жасыл қаржы орталығы ұсынады.
«Климаттың өзгеруіне қарсы тұру біздің заманымыздың ең күрделі міндеттерінің бірі, оны шешу үшін елдердің үкіметтері ұсынуы мүмкін қаржыдан әлдеқайда көп қаржы қажет. «Жасыл» облигациялар қазіргі уақытта төмен көміртекті болашаққа көшуге ықпал ететін осы салаға қаржыландыруды тартудың негізгі шешімі болып табылады және AIX осы процестің аймақта алдыңғы қатарда тұрғандығын мақтан тұтады», дейді AIX Басқарма төрағасы Ренат Бектұров.
«Қазақстан, бүкіл әлем сияқты, уақыт өте келе негізінен отынның қазбалы түрлерін — мұнай мен көмірді ығыстырып шығаратын жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдаланудың 4-ші энергетикалық көшу кезеңіне аяқ басты. Осыған байланысты «жасыл экономикаға» көшудің жаһандық трендтері, стейкхолдерлердің ESG-талаптары Самұрық-Энерго үшін сын-тегеуріндер ретінде қабылданады. Осыған байланысты компания Даму стратегиясында «жасыл» экономикаға көшу бағытын белгілеп, оған қол жеткізуге нық сеніммен қадам басуда. Біз Жасыл қаржы орталығына, «Halyk Finance» және АХҚО қор биржасына үйлесімді жұмысы үшін алғыс айтамыз», дейді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Сұңғат Есімханов.
«Halyk Finance, капиталдың борыштық нарығында қорландыруды тарту бойынша мәмілелерді ұйымдастырудың озық тәжірибесіне ие бола отырып, Самұрық-Энерго жасыл облигацияларының дебюттік шығарылымын орналастыру арқылы қазақстандық борыштық нарықта ESG қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған жаңа құралдарды дамыту мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты. Біз ESG облигациялары мен жасыл облигациялар нарығының көлемі, атап айтқанда Қазақстанда, эмитенттер мен инвесторлар арасында ESG және Green-метрикалармен байланысты тұрақты даму практикаларын енгізуді ынталандыру және мақсаттарды орнату аясында өсуді жалғастырады деп күтеміз», - дейді Halyk Finance Басқармасының төрағасы Фархад Охонов.
«Бұл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өзінің тұрақты дамудың қозғаушы күші ретіндегі маңыздылығын сезіне отырып,өндірістік саладағы алғашқы қазақстандық эмитент жасыл рельстерге шыққан маңызды оқиға. Тұрақты қаржыландыру құралдарын белсенді пайдалану және тұрақты бағалы қағаздардың жергілікті нарығын ұлғайту, жалпы алғанда, жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты тұрақты дамудың қаржы құралдарын енгізетін даму институты ретіндегі біздің жұмысымыздың басты көрсеткіші болып табылады», - деп атап өтті Жасыл қаржы орталығының бас директоры Айдар Қазыбаев.