Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин инфляцияның өсуіне жол бермеу мақсатында Агенттіктiң қабылдап жатқан жедел және жүйелі шаралары туралы хабардар етті.
Осы жылдың 5 қаңтарынан бастап, БҚДА күн сайын өңірлерде барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлiк өнiмдерi бойынша бағаларға мониторинг жүргізеді. Бағаны ұстап тұру және сауда үстемесін 10%- ға дейін белгілеуге қатысты өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен монополияға қарсы комплаенстің 189 актісі жасалды. Бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттер және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 8 тергеу жүргізілуде.
Тұтыну тауарлары мен қызметтерінің бағасын көтеру фактілерін жедел анықтау және жолын кесу мақсатында хабарламалар қабылдау үшін жедел желі құрылды. Бүгінгі күні Агенттіктің сенім телефонына 2000-нан астам өтініш келіп түсті. Монополияға қарсы орган келіп түскен шағымдар бойынша өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдайды, қалғандары уәкілетті органдарға жiберіледі.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 қаңтардағы "Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы" тапсырмасына сәйкес Агенттік өңірлердің алыстығын ескере отырып, 180 күнге сұйытылған мұнай газының (автогаз) шекті бағасын белгіледі: батыс – 50 тг., оңтүстік - 60 тг., солтүстік – шығыс – 60-70тг. Агенттік күн сайын сұйытылған мұнай газының сатылым бағаларына мониторинг жүргізеді, уақытша белгiленген шекті бағалардан асырып сату фактілері анықталған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 162-бабына сәйкес бағаны төмендету қажеттілігі туралы нұсқама, орындалмаған жағдайда әкімшілік жазаға тартылады.
Елеулі баға ауытқулары және экономикадағы қолайсыз үрдістер кезiнде Агенттік уақытша шара ретінде жекелеген тауар нарықтарында мемлекеттік бағалық реттеуді белгілеуге дайын екендігін білдіреді.
Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, газ өндірушілермен газды бөлшек саудада сатушыларға ескі және жаңа көтерме баға арасындағы айырмашылықты өтеу туралы келісімге қол жеткізілді.
Бас прокуратурамен бірлесіп СМГ-ның 6 көтерме сатушысына ("ҚазМұнайГаз" АҚ, "Petrosun" ЖШС, "СНПС - Ақтөбемұнайгаз" АҚ, "ҚазГерМұнай БК" ЖШС, "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС және "ҚазГӨЗ" ЖШС-монополиялық жоғары бағаларды белгілеу бөлігінде үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша) және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу нарығының 180 субъектісіне қатысты тергеу тағайындалды.
Тергеудің алдын-ала нәтижелері бағаның өсуінің негізгі себебі электрондық сауда алаңындағы баға механизмінің жетілдiрiлмегенi екенін көрсетті.
Қысқа мерзімді шара – бензин мен дизель отынына бағаларды мемлекеттік реттеуді белгілеу болып табылады, мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу бойынша тиісті бұйрықтар қабылданды. Мұнай өнімдерінің бағасы:
1) АИ-80 маркалы бензин – литріне 89 теңге;
2) АИ-92 маркалы бензин – литріне 182 теңге;
3) АИ-93 маркалы бензин – литріне 182 теңге;
4) АИ-95 маркалы бензин – литріне 215 теңге;
5) дизель отыны – литріне 230-260 теңге.