«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қатысушылары 2023 жылдың соңына қарай ел бюджетіне 85,2 млрд теңге салық төледі. Мұндай деректерді АХҚО әкімшілігінің аналитиктері Орталықтың қатысушылары жөніндегі жылдық есепте ұсынды.
Бұл ретте 2024 жылдың қаңтар айының соңындағы жағдай бойынша төленген салық сомасы 90 млрд теңгеден асты. Бұл 2018 жылғы сомадан шамамен 60 есе көп. АХҚО қатысушылары қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген компаниялар екенін айта кету керек. 2022 жылы АХҚО-дағы реттеу жүйесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) салық ашықтығы стандарттарына сай келеді деп танылды. Бұл тану АХҚО мен бүкіл Қазақстанның салықты қоса алғанда, ашық болудың жаһандық стандарттарына сәйкестігін көрсетудегі маңызды қадам болды. Сонымен қатар, 2023 жылы Қазақстан FATF/ЕАТ халықаралық стандарттарына сай болуына жүргізілген тексеруден сәтті өтті. FATF – ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) саласында әлемдік стандарттарды әзірлеумен айналысатын үкіметаралық ұйым. АХҚО арнайы юрисдикция ретінде нәтижеге айтарлықтай оң әсер етті және АЖ/ТҚҚ халықаралық стандарттарына сай келеді деп бағаланды.
«АХҚО – бұл өңірдегі жетекші қаржы орталығы, және біз ең алдымен капитал қозғалысына ықпал ететін инфрақұрылымды құрып, дамытуды көздейміз. Тіркелген қатысушылардың саны, қаржылық компаниялар санының өсуі, Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі және қатысушылардың ел бюджетіне төлеген салықтарының сомасы, сондай-ақ мәмілелер көлемі, AIX биржасы арқылы тартылған капитал – бұның бәрі Орталық жұмысының тиімділігін көрсетеді. AIX биржасы арқылы 2023 жылдың соңына қарай $4,6 млрд тартылды, ал АХҚО қатысушыларынан тікелей инвестициялар $6,3 млрд құрады», – деді АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров.
2023 жылы көлік, логистика, агроөнеркәсіптік және өндіруші кешендер, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), IT-сала сияқты бағыттар белсенді дами түсті. АХҚО академиясы өзінің білім беру бағдарламалары мен корпоративтік оқыту бағдарламалары шеңберінде қаржы, инвестициялық менеджмент, тәуекелдерді басқару, қаржы технологиялары және басқа да бағыттар бойынша 18 000-нан астам маманды оқытты.
Орталық жұмыс істей бастаған 2018 жылдан бері қатысушылар саны ұдайы артып келеді, олардың орташа жылдық өсімі +460 компанияны құрайды.
2024 жылғы ақпандағы жағдай бойынша тіркелген қатысушылардың саны 78 елден шетелдік капиталмен құрылған компанияларды қоса алғанда, 2500-ден астам компанияға жетті.
Қатысушылардың ең көп саны қаржы, ақпарат және байланыс, көтерме, бөлшек сауда, өндіріс, пайдалы қазбалар өндіру сияқты салаларға тиесілі.