«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қатысушылары 2018 жылдан бастап 2024 жылдың үшінші тоқсаны аралығындағы кезеңде ел бюджетіне 126,5 млрд теңге салық төледі. Мұндай деректерді АХҚО әкімшілігінің аналитиктері ұсынып отыр.

Бұл ретте 2024 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша Орталық қатысушыларының Қазақстан бюджетіне төлемдері 41,3 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4 млрд теңгеге артық. Бұдан басқа, АХҚО қатысушылары бүгінгі таңда 9,6 мыңнан астам жұмыс орнын ашты.

АХҚО қатысушылары дегеніміз қаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген компаниялар екенін айта кеткен жөн.  

Орталық 2018 жылы жұмыс істей бастағаннан бері қатысушылар саны үнемі артып келеді. Бүгінгі таңда 80-нен астам елден 3300-ден астам компания тіркелген. Қатысушылар арасында – Amicorp сияқты жетекші әлемдік қаржы компаниясы, Қазақстандағы алғашқы көпжақты сауда алаңы International Trading System (ITS), жетекші әлемдік криптовалюта биржалары (Binance, Bybit, BigOne), краудфандинг алаңдары (iKapitalist, GoCrowd), кәсіби қызметтерді ұсынушылар (KPMG, EY, PWC және Deloitte), венчурлық компаниялар (Most Ventures, Quest Ventures), өңірлік даму банктері (China Construction Bank Corporation, China Development Bank), сондай-ақ әлемдегі ең ірі алтын және күміс өндірушілердің ондығына кіретін компания (Solidcore Resources) бар.    

Басқа компаниялардың ішінде ең көп таралған қызмет түрлері – ақпарат және байланыс саласы (34%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласы (15%) және көтерме, бөлшек сауда саласы (15%).

Бұл ретте, шетелдік капитал қатысатын АХҚО-да тіркелген компаниялардың үлесі компаниялардың жалпы санының шамамен 42%-ын құрайды. Бұл компаниялар көбінесе Еуропа, Азия және Таяу Шығыс аймақтарына тиесілі.

Бүгінгі таңда АХҚО арқылы тартылған инвестициялар көлемі Орталық жұмысының барлық жылдарында 5,8 трлн теңге құрады, оның ішінде 2,6 трлн теңге – Astana International Exchange биржасының портфельдік инвестициялары және 3,2 трлн теңге – АХҚО қатысушыларының инвестициялары.

АХҚО-ның барлық қатысушы компаниялары Қазақстанның салық резиденттері екенін және Қазақстанның салық заңнамасына сәйкес есеп жүргізуге, сондай-ақ салық жеңілдіктеріне қарамастан тиісті есептілікті тапсыруға міндетті екенін атап өткен жөн.