АХҚО-да қазір әлемнің 60 елінен 1155 компания бар, деп хабарлайды АХҚО баспасөз қызметі.
АХҚО қаржы секторындағы компаниялардың өзінің активтері 2,5 есе өсіп 1 млрд долларға жетті.
"АХҚО Мемлекет басшысының өзін өзі ақтау деңгейіне шығу туралы тапсырмасын орындап жатыр. 2021 жылы Орталық қатысушылары 7 млрд теңге салық төледі. Бұл былтырғыдан 32% көп. Ал бюджеттік өтінімі 2021 жылы 11,8 млрд теңгеден 2022 жылы 9,9 млрд теңгеге азайды", делінген хабарламада.
АХҚО құрылғаннан бері орталық алаңы арқылы 6 млрд доллар инвестиция тартылды. Соның ішінде 4,3 млрд доллар тікелей инвестиция болса, 1,7 млрд доллар портфельді инвестиция.
AIX биржасы арқылы тартылған үлескерлік капитал көлемі 321 млн доллар, қарыз капиталы 1,4 млрд доллар.
AIX биржасындағы сауда көлемі 298,5 млн долларды құрады. 2020 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 5 есе көп.
Қазақстанмен байланысты компаниялардың нарықтық капитализациясы бойынша AIX Qazaq Index (AIXQI) ашылды.
АХҚО коммерциялық және азаматтық дауларды шешуге арналған беделді және тиімді алаң ретінде танылды. Шешілген даулардың жалпы саны 898, соның ішінде 20 іс АХҚО Соты арқылы, 878 іс Халықаралық Төрелік Орталық арқылы шешілді.
АХҚО активтерді басқару бойынша әлемдік ірі компанияларды тартады. 24 инвестициялық компания мен 6 инвестициялық қор тіркелді. Басқарудағы активтердің (AUM) жалпы құны 736 млн доллар, консультациядағы активтер (AUA) көлемі 1,26 млрд доллар.
АХҚО бөлшек инвестициялауды дамытуға айтарлықтай үлес қосып жатыр. Tabys қосымшасы арқылы биржалық ноталарға салынған инвестиция көлемі 2,5 млн долларға жетті. Қосымшада 15 мыңнан астам есепшот тіркелген.
АХҚО – ESG жобаларды іске асыруда ел ішіндегі және өңірдегі көшбасшылардың бірі. Тұрақты қаржыландыру құралдарының нарығы 200 млн доллардан асты.
AIX биржасында шығарылған «жасыл» және әлеуметтік облигациялар көлемі 38,4 млрд теңге болды. АХҚО «Жасыл» қаржы орталығы арқылы тартылған инвестиция көлемі 67,9 млрд теңгені құрады.
2021 жылдың қыркүйек айында алғашқы «жасыл» несие мақұлданды (Halyk Bank).
Үш жылдық әлеуметтік облигациялар листингі өтті (ЕАБР).
2021 жыл басынан бері АХҚО алаңында стартаптар бойынша қол қойылған инвестициялық келісімшарттар көлемі 4,5 млн доллардан асты. Венчурлік инвестиция көлемі 7,5 млн доллардан асады.
Venture Rocket Eurasia атты краудфандинг платформасы ашылды. Қазіргі таңда Okoo (Қазақстан) мен BILLZ (Өзбекстан) стартаптары онда фандрайзинг кампанияларын жасап жатыр.
Сонымен қатар АХҚО қатысушысы Namba Group (Қырғызстан) MOST Ventures Fund жеке венчурлік қоры көмегімен 1 млн доллар инвестиция тартты.