«Елімай» футбол клубы алғашқы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды. Клуб өкілдері өңірдегі ірі кәсіпорын қолдауының стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

«Біз өңірдегі негізгі кәсіпорындардың бірі — Qazaq Astyq Group май экстракциялау зауытының стратегиямызды қолдап, клубтың акционері болғанына ерекше қуаныштымыз. Компания көптеген жыл бойы бізге тұрақты қолдау көрсетіп келеді», — деп атап өтті «Елімайдың» баспасөз қызметі.

Клуб компанияға көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіріп, ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Сонымен қатар Qazaq Astyq Group компаниясы директорының кеңесшісі Еркінбек Досқожановтың «Елімай» ФК директорлар кеңесіне кіретіні хабарланды.

Айта кетсек, бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді

Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады. 

«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.