Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан банк секторының 2025 жылғы 1 қарашадағы жай-күйі туралы есебін жариялады.

Құжатқа сәйкес, халыққа берілген несие бір айда 1,0% ұлғайып, 24,3 трлн теңге болды (2025 жылдың басынан 17,4% өсім). Халыққа берілетін несие құрылымында тұтынушылық қарыздар 0,9%, 16,4 трлн теңгеге дейін өсті. Бір айда ипотекалық несие 1,1%, 6,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

2025 жылғы қазанда халыққа берілген жаңа қарыздар 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте 2025 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 16,2 трлн теңге болды, бұл 2024 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 11,7% көп.

2025 жылғы қазанда халыққа ұлттық валютада берілген несие бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 0,1 п.т. ұлғайып, 19,8%-ды құрады. Ипотекалық қарыздар бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 9,4%-ды, тұтынушылық қарыздар бойынша 21,2%-ды құрады.

Несие портфелінің сапасы жоғары деңгейде сақталып отыр. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздар (NPL90+) деңгейі өткен ай деңгейінде сақталып, несие портфелінің 3,5%-ын немесе 1,5 трлн теңгені құрады.

2025 жылғы қазан айында халықтың несиесі бойынша проблемалық берешектің үлесі 4,5%-ды немесе 1,1 трлн теңге болды (01.01.2025ж. – 3,8% немесе 790 млрд теңге).