Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ҚР Ұлттық банкі 2029 жылға дейін 7-20-25 ипотекалық несиелендіру бағдарламасына жылына 100 млрд теңге бөлетінін айтты.

«Егер үкіметтегі немесе даму институттарындағы әріптестеріміз қамтуды кеңейту туралы шешім қабылдаса онда, әрине, олар республикалық бюджеттен де, тиісті бюджеттерден де, ұлттық компаниялар да ақша қоса алады. Бұл, менің ойымша, олардың тікелей міндеті», — деді Ұлттық банк басшысы.

«Экономиканы дамыту тікелей Ұлттық банктің міндеті емес. Бұл үкіметтің, әкімдердің, мемлекеттік холдингтердің, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» холдингінің және т.б міндеті. Ұлттық банк 2018 жылдан бастап «7-20-25» бағдарламасын қаржыландырып отырғаны заңдылық», - деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, бағдарламаның мәні Ұлттық банк коммерциялық банктердің арзан облигацияларын сатып алып, кейін олар халыққа 7 пайызбен жеңілдікті ипотекалық несие береді.

«Коммерциялық мөлшерлемелер мен банк облигацияларын сатып алатын мөлшерлемелер арасындағы бұл айырмашылық бізге түседі. Яғни, бұл Ұлттық банктің тікелей шығыны», - деп түсіндірді ол.