Ұлттық банк қолма-қол шетел валютасын айырбастау ережелеріне өзгерістер енгізді. Оған сәйкес, 500 мың теңге және одан жоғары сомаға айырбастау кезінде жеке куәлік деректерін, ЖСН және заңды мекенжайды ұсыну қажет болады. Дәл осындай талаптар енді алтынмен жасалатын операцияларға да қолданылады.
Қаулы 2 желтоқсанда қабылданды және 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрекет ететін жекелеген тармақтарды қоспағанда 22 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.
Айырбастау пункттері арқылы жасалатын 500 мың теңге және одан жоғары сомадағы операцияларға қойылатын талаптардың бірі – деректерді тізілім журналына міндетті түрде тіркеу: ЖСН (Жеке сәйкестендіру нөмірі); жеке басты куәландыратын құжаттың деректері – құжат түрі, берілген күні, құжат нөмірі, жарамдылық мерзімі (ЖСН болмаған жағдайда); клиенттің заңды мекенжайы (мемлекет, елді мекен, көше, үй нөмірі, пәтер нөмірі); клиенттің тегі, аты және әкесінің аты (болған жағдайда).
Дәл осындай талаптар енді 500 мың теңгеден асатын сомадағы құйма алтынмен жасалатын операцияларға да қойылады.
Айырбастау операциялары бойынша қызметті реттеу үшін уәкілетті банктер мен уәкілетті ұйымдар ұсынатын есептерді түзету мерзімдері 6 айдан 1 айға дейін қысқартылады.
Сонымен қатар уәкілетті ұйымдар бөлінісінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша банктерге арналған есеп кеңейтіледі.