21 қыркүйектен бастап Ресей азаматтары Қазақстан, Грузия, Армениядан жұмыс іздей бастады, деп жазады Forbes Russia.

Ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін ресейліктер Қазақстан және басқа да елдерге өз түйіндемелерін жібере бастады, деп жазады HeadHunter рекрутингтік платформасы. 

Зерттеуге сәйкес, Ресей азаматтығы бар белсенді түйіндемелердің бір айда ең көп (65%) өсімі Қазақстанда болды. Мұндағы ресейлік үміткерлер саны 5 қыркүйекте 23 444 болса, 5 қазанда 38 744-ке өсті.

Грузия (48%), Өзбекстан (47%), Қырғызстан (43%), Армения (35%), Әзірбайжан (30%) және Түркиядағы (27%) Ресей азаматтарының түйіндемелерінің саны да айтарлықтай өсті.

Бұл тенденция мамандардың Ресейден жаппай кетуімен байланысты, дейді hh.ru сайтының еңбек нарығының бас сарапшысы және платформаның клиенттік тиімділік бөлімінің басшысы Наталья Данина.

hh.ru деректері бойынша ресейліктердің түйіндемелерінің ең көп өсімі «Ауыл шаруашылығы», «Ақпараттық технологиялар», «Стратегия, инвестиция, кеңес беру», «Фитнес, сұлулық салондары» сияқты санаттарда орын алған.

Аталған елдердің барлығында дерлік IT мамандарына сұраныстың өсу динамикасы жалпы нарықтан жоғары. Әзірбайжанда қыркүйектің соңы – қазанның басында осы саладағы ұсыныстардың саны тамыз айының соңы – қыркүйектің басында 53%-ға, Өзбекстанда – 42%-ға, Қазақстанда – 17%-ға, Қырғызстанда – 16%-ға, Арменияда – 14%-ға, Грузияда – 13%-ға өсті.

PR және маркетинг саласындағы бос жұмыс орындарының саны да нарыққа қарағанда жылдам өсуде. Өзбекстанда бір айға қарағанда өсім 36%, Әзірбайжанда 19%, Қазақстанда 18%, Грузияда 15% болды.

Кейбір салаларда бос орындар бұдан да аз. Олардың қатарында фитнес және сұлулық салондары, медицина мен фармацевтика, шикізат, сатып алу, қаржы және бухгалтерлік есеп бар.