4 пайызбен автокредит алған адамдардың аты-жөні жариялануы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.
«Автокредит бойынша екі мәселе бар. Біріншіден, әр айда қайтарылған ақша есебінен қосымша тағы автонесие береміз. Бірақ айына шамамен бір миллиард теңге қайтарылып отыр. Бұл 100 машинаға жетеді.
Ал енді осы уақытқа дейін револьверлік жүйе бойынша 4 миллиард теңгедей ақша қайтарылды. Ол ең көп дегенде шамамен 400 машинаға жетеді. Біздің ойымыз, револьверлік жүйеден 500-ден астам көлікке жететін, яғни 5 млрд теңгедей ақша қайтарылғанда ғана тағы жариялаймыз деп отырмыз», - деді Марат Қарабаев.
Сондай-ақ ол автонесие жүйесін қайта қарау жоспарланып отырғанын айтты.
«Бірнеше мәселе бар. Біріншісі, автокредит алған адамдардың аты-жөнін жариялау. Бағдарламаға өзгеріс енгізіліп жатыр.
Екіншісі, осы уақытқа дейін көлікке бастапқы жарна төлеу қажет емес еді. Оны қайтарамыз ба деп отырмыз. Яғни 10 пайызға дейін бастапқы ақша төлеу механизмін енгізу қарастырылуда», - деді ведомство басшысы.
«Бағдарлама бойынша қандай көліктер қатыса алады?» деген мәселе бар. Қазір бағдарлама 10 миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік береді. Ал, машинаның құны 15 млн теңге болуы керек дедік. «Киа Спортэйдж», «Хюндай Туксон» сияқты брендтердің бағдарламаға қатысуын қайта қарауымыз мүмкін. Бұл – ақырғы шешім емес, талқыланып жатыр», - дейді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, ол бұдан былай бағдарлама айлығы аз адамдарға ғана қолжетімді болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Төртіншісі, ең маңыздысы сияқты меніңше, бірнеше бағыт талқыланып отыр. Еңбекақының ең жоғары шегін бектіу мәселесін қарастырамыз, яғни айлық белгілі бір сумадан асып кетсе, ондай адамдар бағдарламаға қатыса алмайды. Автонесие бағдарламасын Hyundai Accent, Chevrolet Cobalt сияқты халық көп мінетін көліктер үшін қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз. Бұл өзгерістердің бәрін бір айдың ішінде аяқтаймыз», - деді министр.