Қазақстанда электромобильмен жүру 3 есе арзанға түседі, алайда электр отынды автокөліктердің үлесі біздің елімізде 1%-дан да аз. Алаңдататын жағдай, көліктен парниктік газдар (ПГ) шығарындыларының мөлшері 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 5%-дан 7,4%-ға дейін өсті. ПГ шығарындылары бойынша көлік секторында автомобиль көлігі 86,5%-бен  көш бастап тұр. Біз бұл тұрғыда басқа елдермен салыстырғанда қандай деңгейдеміз және мұндай жағдайды өзгертуге не көмектесе алатыны туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) салалық талдау департаментінің зерттеу есебінде айтылған.


Қазақстандағы электрокөлік нарығы


Қазіргі кезде біздің елімізде тоқпен жүретін көліктердің сандық көрсеткіші 1%-ды да құрамай отыр, алайда соңғы жылдары елімізде электромобильдер санының қарқынды өсе бастағанын жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, 2022 жылы елде 812 ғана электрокөлік болса, 2023 жылдың 1 мамырында олардың саны бірден үш есеге өсіп, 2790 көлік санын құрады, оның ішінде 2472-cі – жеңіл автокөліктер. 




Электромобильдің жүру шығыны қалтаны қақпайды және оны тұтынудың өзі едәуір арзан, ең бастысы, экологиялық тұрғыдан таза. Ашық көздер деректері мен АХҚО мамандарының есептеулері бойынша, электромобильді тұтыну иесіне 3 есеге жуық аз шығын әкеледі.




Қазақстанда көлік салығынан, кедендік баждан және утиль алымынан босату секілді жасыл көлікке көшуді ынталандырудың түрлі шаралары енгізіліп келеді. Осындай артықшылықтарға қарамастан, ел халқы экологиялық таза көлікке жаппай ауысуға әлі де қызығушылық танытпай келеді. Оған келесі факторлар әсер етеді, біріншіден, бензин көлігімен салыстырғанда электромобильдің едәуір қымбат тұруы, екіншіден, зарядтау станцияларының  жеткіліксіздігі, үшіншіден мамандандырылған қызметтердің жоқтығы мен бөлшектерді жеткізудегі қиындықтар. 


Қазақстан және әлемдегі «жасыл» мәселесінің өзектілігі


Дегенмен, ESG принциптері мен «жасыл» тақырыбының өзектілігі елдегі зиянды қалдықтар мен шығарындыларсыз көлік түрлеріне көшуді талап етеді. Көміртегі шығарындыларын азайту – атмосфераға парниктік газды аз шығару әрі ауа сапасын жақсарту үшін маңызды қадам. Ал көлік секторы әлемде, әсіресе Қазақстанда ауаның ластау көздерінің бірі саналады.


ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, энергетикалық қызметтегі «Көлік» санатынан Қазақстандағы ПГ шығарындыларының мөлшері ұлғаюда: 1990 жылы көлік үлесі «Энергетикалық қызмет» секторының 7% немесе 22 546 млн тонна СО2-баламасын құрады. 2021 жылы «Көлік» санатының үлесі «Энергетикалық қызмет» секторында 9,6%-ға жетті, бұл барлық ПГ шығарындыларының шамамен 7,4%  немесе 25 166 млн тонна СО2-баламасын құрады. Осы санаттағы эмиссиялар 1990 жылғы базалық көрсеткіштен 11,6%-ға, ал 2020 жылғы шығарылым 34,4%-ға асып түсті.

 



Автокөлік тасымалы Қазақстандағы тасымалданатын өндірістік-шаруашылық жүктердің көлемі бойынша елдің бірыңғай көлік жүйесінде теміржол және құбыржолынан кейінгі үшінші орынды алады. Бірақ атмосфераға ПГ шығарындыларының көлемі бойынша көшбасшы саналады (2020 ж. көлік секторындағы CO2-баламасы шығарындыларының жалпы көлемінің 86,5%-ын құрайды).

 



Түрлі зерттеулер көрсеткендей, электромобильдің бүкіл өмірлік циклі кезінде, соның ішінде өндірілгендегі бүкіл материалдарды есепке алғанда тоқпен жүретін көліктер дәстүрлі отынмен жүретін автомобильдерге қарағанда әлдеқайда аз шығарынды шығарады. 




Дамыған елдер бензин мен дизельді көліктерден біртіндеп бас тартып келеді. Еуропалық Одақтың «Жасыл күн тәртібіне» сәйкес, 2035 жылға қарай сатылған барлық жаңа машиналар электрлік болуы керек. Ал АҚШ 2030 жылға қарай көліктер сатылымының жартысы электромобиль болады деп жоспарлауда.


2022 жыл электромобильдер үшін тарихи болды, оның жылдық өндірісі алғаш рет 10 миллионнан асты. Бұл 2021 жылғы өндірілген 6,5 миллион автомобильмен салыстырғанда айтарлықтай өсу дегенді білдіреді. 




Қазақстандағы электрокөлік иелерін қолдау шаралары


Қазақстанға келетін болсақ, мемлекет ескірген қоғамдық көлік паркін жаңғыртуды және ұлттық электр көлік индустриясын дамытуды қоса алғанда, көліктің экологиялық таза түрлеріне көшуді ынталандыру жөнінде шаралар қабылдауда. Мәселен, біздің елдегі электромобильдердің иелері кедендік баж салығын (2023 жылға 15000 квота), утиль алымын (2021 жылғы маусымнан бастап) және көлік салығын төлеуден босатылған.


Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағының («КазАвтоПром») сайтындағы ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде «ҚазАвтоПром»-ның қатысуымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»1 заң жобасы әзірленуде.




АХҚО-дан электромобильдер үшін жасыл қаржыландыруды қолдау 


Елдің бизнес-қоғамдастығы мен қаржы институттары жаһандық жасыл дамудан тыс қалмай келеді. Компаниялар өз көліктерін электромобильдер мен электроавтобустарға ақырындап ауыстырып жатыр, сондай көліктердің ішінде жеке жаңартылатын энергия көздерінен қуат алатындары да бар. Енді Банктер электромобильдерді сатып алуға жасыл автонесие бере бастады.


Сондай-ақ, Астана халықаралық қаржы орталығы елдің тұрақты экономикалық өсуіне, оның ішінде орнықты инвестицияларды тарту және қолдаушы қаржы экожүйесін құру бөлігінде төмен көміртекті экономикаға көшу мәселелеріне жәрдемдеседі. Мәселен, АХҚО жанындағы Жасыл қаржы орталығы еліміздегі жасыл қаржы құралдары бойынша тәуелсіз бағалау ұсынудың флагманы болып табылады.


Елімізде электромобильдердің қолжетімділігін арттыру үшін АХҚО Жасыл қаржы орталығы жасыл қаржы саласындағы қажетті құжаттар мен саясаттарды әзірлеу арқылы жасыл облигациялар шығаруда және кредиттер беруде қаржы ұйымдарын қолдау бойынша қызметтер көрсетеді. Елдегі жасыл облигациялар мен несиелердің 70%-ы Жасыл қаржы орталығының қолдауымен берілгенін ерекше атап өткіміз келеді.


Декарбонизация процесі мен жасыл экономикаға көшуді қолға алған ел ретінде Қазақстанға осындай жобаларды қолдау өте маңызды. Инвесторлар ESG принциптері және жаһандық тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізумен байланысты жобаларға ерекше ден қояды. Олар ең бірінші экологияға басымдық берген әрі болашақты көздеген жобаларға инвестиция салуға ниетті.


Айнұр Жақыпова, АХҚО салалық талдау департаментінің бас менеджері