Вакциналау, жаңа жұмыс орындары және халықты әлеуметтік қолдау Орталық Азиядағы кедейліктің қысқаруын жеделдетеді.

Экономиканы қалпына келтіру қарқынының жеделдеуіне және кедейлікті азайту жөніндегі болжамдардың жақсаруына қарай, сондай-ақ мемлекеттік саясат дұрыс жүргізілген жағдайда Орталық Азия елдері COVID-19 пандемияға дейінгі кедейлікті азайту жолындағы қарқынына орала алады. «Орталық Азиядағы пандемия мен кедейшіліктің сын-қатерлерін еңсеру» атты бүгінгі аймақтық онлайн-брифинг аясында Дүниежүзілік Банктің экономистері осындай тұжырымға келді.

2000 жылдың басында Орталық Азия елдерінде кедейлікті қысқарту бойынша әлемдегі ең жылдам қарқыны байқалған. Алайда 2009 жылдан бастап бұл саладағы қарқын бәсеңдеген, ал аймақтың кейбір мелекеттерінде тіпті тоқтатылды. Инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етуде және кедейлік деңгейін азайтуда қиындықтарға тап болған кездегі Орталық Азия мемлекеттерінде халықтың экономикасы мен әл-ауқатына COVID-19 пандемиясы айтарлықтай соққы берді.

Қазіргі уақытта Орталық Азиядағы кедейлік деңгейі қайтадан төмендеуде. Алайда, жоғары инфляция мен вакцинацияның төмен деңгейі жағдайында халықтың кедей және осал топтары азық-түлікке шектеулі қолжетімділіктен, белгісіздіктен және жұмыспен қамтудың шектеулі мүмкіндіктерінен зардап шегіп отыр, бұл, әсіресе, өңірдегі әйелдерге теріс әсер етіп жатыр.

«Орталық Азия пандемиядан туындаған алғашқы сілкіністерден кейін қалпына келеді, бірақ процесс біркелкі емес», – деп атап өтті Орталық Азиядағы Дүниежүзілік банктің аға экономисті Уилл Зейтц. «Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстандағы көші-қон және ақша аударымдары, кедейлікті қысқартудың негізгі факторлары 2019 жылдың көрсеткіштеріне оралуда. Еңбек нарықтары да қалпына келтірілуде және олардың жұмысындағы үзілістер сирек кездеседі. Дегенмен, аймақ кедейлікті қысқартудың тұрақты жолына шығуы керек".

Кедейлікті азайту жөніндегі мемлекеттік саясаттың басымдықтары арасында Дүниежүзілік банк халықты вакцинациялауды, жұмыспен қамту мен жалақы деңгейін көтеруді, сондай-ақ неғұрлым осал топтарды қолдау үшін әлеуметтік бағдарламаларын одан әрі дамытуды қоса алғанда, үш негізгі бағытты айқындайды. Дүниежүзілік банк экономистері қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада еңбек нарығын қалпына келтіруді қолдау шаралары арасында «жасыл» экономиканы дамыту шеңберінде жұмыс орындарын құруға инвестицияларды қосу, жеке сектордың өсуі мен жаңа фирмалар құру үшін жағдайларды одан әрі жақсарту қажеттігін атап өтті.

Сондай-ақ, жұмыспен қамтуды арттыру кедейліктің барлық мәселелерін шешпейтіні және халықтың неғұрлым осал топтарын қорғау үшін сенімді әлеуметтік қорғау жүйелері қажет екендігі айтылды. Орташа табысы бар басқа елдермен салыстырғанда, Орталық Азия елдерінің үкіметтері әдетте халықтың аз бөлігін әлеуметтік қорғау қызметтерімен қамтиды.

«Covid-19 -ға қарсы тиімді және қауіпсіз вакциналарға әділ және кеңінен қол жеткізуді қамтамасыз етумен қатар Орталық Азия елдері халық арасында вакцинациялаудың орынды екеніне қатысты күмәнді сейілту үшін шұғыл түрде шаралар қабылдауы қажет, себебі олар қалпына келтіру процесін бәсеңдетеді деп қорқытуда», – деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова. «Вакцина алған адамдардың әр миллионымен әлемдік ЖІӨ орташа есеппен 8 миллиард долларға артады. Біз экономикасы дамыған елдер және соған орай вакцинацияның салыстырмалы түрде жоғары деңгейі дамушы, вакцинациясы төмен елдерге қарағанда экономикалық өсудің әлдеқайда жоғары қарқынын көрсетеді деп болжаймыз».

Орталық Азия елдерінде вакцинациялаудың дұрыстығына күмәнданудың негізгі себептерінің бірі – вакциналардың қарсы көрсетілімдері мен қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық. Егер басқа елдерде созылмалы аурулары мен денсаулығына байланысты қандай да кінәраттары бар адамдар әдетте вакцинациялау үшін басым топтарға кіретін болса, онда Орталық Азияда олар вакцинациялаудан жиі бас тартады. Халыққа вакциналаудың қауіпсіздігі туралы нақты ақпарат беру және созылмалы аурулары бар адамдарды вакцинацияны алуға ынталандыру вакцинацияның дұрыстығы туралы күмәнді сейілтуге көмектеседі.