2027 жылы бюджет шығынының 34,9%-ы әлеуметтік салаға бағытталады

Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасының негізгі параметрлері туралы айтты.

2027 жылы түсімдер 25,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-ге қатысты 12,9% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Бюджет тапшылығы ЖІӨ-ге қатысты 2,3% деңгейінде болады деп жоспарланған. Шығынның жалпы көлемі биылғы жоспармен салыстырғанда 2,5 трлн теңгеге ұлғаяды.

«Ұлттық қордан аударылатын кепілдендірілген трансферт 2,4 трлн теңгені құрайды. Ұлттық қордан берілетін нысаналы трансферт - 2 трлн теңге, бұл қаражат негізінен аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларға жұмсалатын болады», — деді Мәди Такиев.

Әлеуметтік саланы қаржыландыруға 10,5 трлн теңге немесе бюджет шығынының 34,9%-ы көзделген. Алушылар санының өзгеруін және халықты қолдауға жұмсалатын әлеуметтік төлемдерді индекстеуді ескере отырып, қосымша 739 млрд теңге бөлінді.

«Экономиканың нақты секторын қолдауға арналған бюджет шығыны 3,8 трлн теңгені құрайды, бұл – шығыстардың жалпы көлемінің 12,9%-ы, әрі осы жылдың деңгейінен 507 млрд теңгеге артық. Нақты секторды қолдауға жұмсалатын шығын шамамен 7 трлн теңгені құрайды», —  деп атап өтті Мәди Такиев.