Қазақстанда бюджет тапшылығы 2028 жылға қарай ІЖӨ-нің 0,9%-ына дейін, ал мұнайға қатысы жоқ тапшылық – ІЖӨ-нің 2,7%-ына дейін қысқартылмақ. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында ұлттық экономика министрі – вице-премьер Серік Жұманғарин айтты.
«Контрциклдік фискалдық саясат инфляцияны төмендететін маңызды факторға және мемлекет қаржысының тұрақтылығын арттыратын тетікке айналады. Бұл үшін Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер мен бюджет шығындарының өсуіне қатысты бюджет ережелерін сақтау қамтамасыз етіледі. 2028 жылы бюджет тапшылығын ІЖӨ-нің 0,9%-ына дейін, мұнайға қатысы жоқ тапшылықты ІЖӨ-нің 2,7%-ына дейін қысқарту жоспарлануда. Мемлекеттік қарыз ІЖӨ-ге шаққанда тұрақты деңгейде – 26%-дан аспай ұсталады», – деді ол.
Елдің несие рейтингін арттыру жұмысы жалғасады, оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздарды сыртқы нарықтарда тұрақты орналастыру арқылы да жүзеге асады.
«Инфляцияны тежеу үшін үкімет мына негізгі бағыттар бойынша шараларды күшейтеді: нарықты тауармен толықтыру; сақтау және тұтынушыға жеткізу инфрақұрылымын дамыту; баға белгілеуді және монополияға қарсы реттеуді күшейту», – деп нақтылады вице-премьер.
2027–2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026–2028 жылдары халықтың нақты табысының өсімі жылына кемінде 2–3% деңгейінде болады.
«Үкімет квазимемлекеттік секторды оңтайландыру жұмысын жалғастырады. 2026 жылдың соңына дейін квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға енгізілген мораторий күшінде. Биыл 2021–2025 жылдарға арналған Жекешелендірудің кешенді жоспары аяқталады. Одан әрі оңтайландыруға ұсынылған мемлекеттік нысандардың жаңа тізімі қалыптасты. Оған баланстық құны 2 трлн теңгеден асатын шамамен 500 компания кірді. Оңтайландыру үш кезеңде жүргізіледі», – деді Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ және «Qazaq Green Power PLC» акцияларын IPO/SPO-ға шығару жоспарланып отыр.
«Макроэкономикалық теңгерімді арттыру үшін үкімет пен Ұлттық банк ақша-несие және салық-бюджет саясаты арасындағы өзара үйлестіруді іске асырады. Бағдарламаны жүзеге асырудың басты нәтижесі халықтың нақты табысының өсуі болуға тиіс. Жалпы, бағдарламаны орындау экономиканың тұрақтылығын арттырады, қаржылық тұрақтылықты нығайтады және орта мерзімді кезеңде тұрақты әрі сапалы өсімге жағдай жасайды», – деп түйіндеді ол.