Автор: Салтанат Игенбекова, Halyk Finance
Қаңтар айында Ұлттық қордан 350-450 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланып отыр. 2026 жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің 2,77 трлн теңгеге дейін қысқаруы (2025 жылғы 5,25 трлн теңгеге қарсы), валютаны ай сайынғы сату көлемін 2025 жылғы орташа 683 млн доллардан 2026 жылы шамамен 370–387 млн долларға дейін айтарлықтай төмендетеді. Валюта ұсынысының азаюы теңге бағамына тиісті қысым жасайды.
Квазимемлекеттік сектордың облигацияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан валютаны конвертациялау сомаларына қатысты белгісіздікті атап өткен маңызды: бүгінгі таңда экономиканы Ұлттық қордан облигациялық қарыздар түрінде қаржыландырудың нақты сомасы белгісіз. Ұлттық қордан облигациялық қарыздар бөлу бойынша қабылданатын шешімдердің ашықтығы жеткіліксіз екеніне тағы да назар аударғымыз келеді. Мұндай мәмілелер үшін валюта сатудың алдын ала хабарланбайтын көлемдері бағам динамикасын болжауды қиындата түседі.
Айналау тәжірибесі жалғасады, оның аясында 2026 жылдың бірінші тоқсанында айына шамамен 1,1 трлн теңге немесе 366,7 млрд теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы сату көлемінен (айына 475 млрд теңге) 23% төмен. Ұлттық банктің биылғы жылдың 2-4 тоқсандарындағы айналау шеңберіндегі валюта саудасы бойынша түсініктеме бермеуі де теңге бағамының тұрақтылығына қатысты белгісіздікті арттырады.
Сондай-ақ қаңтарда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің 50%-ын міндетті түрде сатуы туралы норманы қолдану жалғасады. БЖЗҚ-ның валюталық активтерінің қажетті үлесіне қол жеткізілуіне байланысты, 2026 жылдың қаңтарында БЖЗҚ үшін валюта сатып алу тәжірибесін қайта жаңғырту жоспарланбаған.
Нәтижесінде, қаңтар айында ҚР Ұлттық банкі тарапынан таза валюта сату көлемі шамамен 1 120 млн долларды құрайды (Ұлттық банктің нетто-сатылымына ҰҚ-дан валюта сату сомасы және алтынды өткізуден түскен валютаны сату сомасы кіреді), бұл 2025 жылғы орташа валюта сату көлемінен аз.
Жалпы алғанда, айналау механизмі аясындағы операциялар көлемінің төмендеуі және Ұлттық қордан валюта сатудың азаюы Ұлттық банк тарапынан валюта ұсынысының кемуіне әкеледі. Ұлттық валютаның позициясына түсетін негізгі қысым сыртқы саудадағы теңгерімсіздіктің сақталуынан болады: импортқа деген сұраныстың тұрақты жоғары болуы аясында экспорттық валюталық түсімдердің жеткіліксіз өсуі сауда балансы профицитінің тарылуына әкеп соғады. Бағамға әсер ететін қосымша фактор — шетелдік инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) нарығындағы инвестициялық белсенділігінің төмендеуі, бұл ішкі нарықта валюта сату көлемінің қысқаруынан көрінеді. Желтоқсан айында айқын емес көздерден валюта ұсынысының күрт артуы теңге бағамына біржолғы әрі қысқа мерзімді ғана әсер етті.
Қорыта айтқанда, бұл факторлар теңге бағамына қысым жасайды және біз теңгенің біртіндеп әлсіреуін күтеміз. Бұл ретте резидент еместердің МБҚ портфельдерінен күрт шығуы девальвациялық қысымды күшейтетін елеулі тәуекел болып қала береді.