2026 жылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне төленетін жарналар мен аударым мөлшерлемелері өзгереді, бірақ бұл шектеулі санаттағы адамдарға қатысты болады. Сонымен қатар төлемдерді кейінге қалдыру мерзімі ұзарады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады:
- қызметкерлер үшін – жалақының 2%;
- жұмыс берушілер үшін – 3%;
- өзін-өзі төлеушілер үшін – 4 250 теңге.
Алайда өзгерістер бар. Олар жарналар есептелетін табыстың жоғарғы шегіне қатысты. Қазіргі таңда ол 10 АЕК (850 мың теңге), ал жаңа тәртіп бойынша:
- жұмыс берушілер үшін – 40 АЕК (3,4 млн теңге), ең жоғары аударым – 102 мың теңге;
- қызметкерлер үшін – 20 АЕК (1,7 млн теңге), айына ең жоғары жарна – 34 мың теңге.
Бұл норма табысы 850 мың теңгеден асатын жалдамалы жұмыскерлердің 9%-на әсер етеді. Бұған дейін олар ең көбі 17 мың теңге төлесе, жаңа жылдан бастап 34 мың теңгеден аспайтын сома (20 АЕК-тің 2%-ы) төлейді.
Жұмыс берушілер үшін ең жоғары аударым мөлшері 25,5 мың теңгеден 102 мың теңгеге дейін ұлғаяды (40 АЕК-тің 3%-ы).
Сонымен қатар, қазақстандықтар жарна төлеуді уақытша тоқтатқан жағдайда да, алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.
МӘМС жүйесіне кемінде бес жыл тұрақты түрде жарна төлеген азаматтар уақытша қаржылық қиындықтарға тап болса да, медициналық қызметтерге қолжетімділігін жоғалтпайды. Бұрын бұл құқық жарна төлеу тарихына қарамастан үш айға ғана сақталатын. Енді тәртіпті төлеушілер үшін бұл мерзім екі есеге – алты айға дейін ұзартылады.
Еңбек өтілі аз төлеушілер үшін бұрынғы талаптар сақталады: сақтандыру мәртебесі үш айдан аспайды. Алайда өткізіп алған төлемдерді табыс қалпына келген соң өтеу қажет болады.
Жұмыссыздар мен табысы төмен қазақстандықтар МӘМС жүйесінде медициналық көмекті жергілікті бюджет есебінен ала алады.
Соңғы деректерге сәйкес, сақтандырылған 1,1 млн адам – әлеуметтік әл-ауқаты дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі азаматтар. Олар жұмыс істемейді, үш айдан астам міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген және отбасының негізгі қажеттіліктерін әрең өтейді. 2026 жылдан бастап бұл азаматтар үшін МӘМС жарналарын әкімдіктер төлейді.
Жалпы жүйеде шамамен 16,8 млн адам сақтандырылған. Оның 12,3 млн-ы – жеңілдікті санаттарға жатады. Ал 3,6 млн қазақстандық МӘМС-тен тыс қалып отыр. Олардың басым бөлігі – 2,5 млн адам – өмір сүру деңгейі жақсы немесе қанағаттанарлық азаматтар.