2025 жылы республикалық бюджеттен 4,2 трлн теңге зейнетақы төленді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде зейнет жасына шыққандардың саны 2,5 млн адамға жетті, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

2025 жылғы зейнетақы мөлшері

Өткен жылы орташа жиынтық зейнетақы мөлшері 143 143 теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы — 95 549 теңге; базалық зейнетақы — 47 594 теңге.

Еңбек министрлігі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттен төленетін төлемдердің 10% өскенін еске салды. Енді базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері — 35 596 теңге (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы). Ал ең жоғарғы мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін көтеріліп, 60 005 теңгені құрап отыр.

Жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары

Ведомство дерегінше, 2025 жылы 5,5 млн-нан астам қазақстандық жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарымен қамтылды. Бұл кезеңде 760 млрд теңге аударылды. 2025 жылы бұл жарналардың мөлшерлемесі 2,5% болса, 2026 жылы ол 3,5%-ға дейін көтерілді. 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 5%-ға жетеді.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, бұл жарналарды жұмыс берушілер тек 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлер үшін ғана төлейді.

«Бұл шара қазақстандықтардың жас буынын қолдауға бағытталған, өйткені олардың зейнетақы мөлшері тікелей аударымдарына байланысты болады. Олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады: мемлекеттен берілетін базалық төлем, БЖЗҚ-ға өз аударымдары есебінен жинақталатын бөлім және жұмыс берушілердің жарналары есебінен құралатын шартты-жинақтаушы бөлім», — деп атап өтті министрліктегілер.