Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов ведомствоның 2025 жылғы жұмысын қорытындылады. Оның айтуынша, прокурорлар былтыр 1,1 триллион теңгеден астам сомаға мемлекет мүддесін қорғаған.
Тәркіленген мүлік
Мемлекеттік сатып алу, бюджет қаражатын жұмсау, табиғатты қорғау, жер қойнауын пайдалану және жерді игеру салалары бойынша бюджет пайдасына 470 млрд теңгенің ақшасы мен мүлкі тәркіленді.
«Мемлекеттік мүлікті басқарудың заңдылығына қатысты жүргізілген бір ғана тексерістің нәтижесінде Бас прокуратура Қаржы және Әділет министрліктерімен бірлесіп, 193 млрд теңге дивидендті төлету шараларын қабылдады. Бұл қаражат шоттарда 3 жылдан астам уақыт бойы «қатып» тұрған және бюджетке төленбеген», – деп атап өтті Асылов.
Жерді қайтару
Оның айтуынша, прокурорлар олигополиялар заңсыз иемденіп келген 800 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Олардың ішінде Алатау бөктеріндегі, Каспий жағалауындағы, Бурабай ұлттық паркіндегі және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бар.
«Нәтижесінде, жекелеген өңірлердегі жайылым тапшылығы мәселесі іс жүзінде шешілді – прокурорлар ауыл тұрғындарының бұл жерлерді кедергісіз пайдалануына мүмкіндік туғызды», – деді ол.
Экология
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында 25 млрд теңгелік экологиялық шығын өтелді. Ғарыштық мониторинг пен жасанды интеллект элементтерінің көмегімен 3,8 мыңнан астам заңсыз қоқыс полигоны жойылды, ал құрылыс салушылар 300 мыңнан астам жаңа ағаш пен бұта отырғызды.
Бюджеттің талан-таражға түсуі
Прокурорлар жергілікті органдардың 255 млрд теңгелік негізсіз шығындарының жолын кесті – бұл тұтас бір өңірдің жылдық бюджетіне тең сома. Мысалы, Павлодар мен Атырауда бағасы үш есе қымбаттатылған арнайы техникалар мен пәтерлерді сатып алу тоқтатылды.
«Прокурорлар бұл сатып алулардың күшін жойып, қаражат басқа әлеуметтік қажеттіліктер мен инфрақұрылымды жақсартуға бағытталды», – деп түсіндірді Асылов.
Сот шешімдері
Прокурорлардың наразылығы бойынша 300-ден астам сот шешімі қайта қаралды. Мемлекет пайдасына 22 млрд теңге қайтарылды. Бір жағдайда жеке компаниялардың несиелері бойынша мемлекеттен 1,2 млрд теңгені өндіріп алу туралы шешімнің күші жойылса, екінші жағдайда қару-жарақты жөндеу міндетін орындамағаны үшін мемлекеттік қорғаныс тапсырысы пайдасына 800 млн теңге өндірілді.