Аграрлық несие корпорациясы 2024 жылдың 1 қарашасында Кең дала 2 бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастайды.

«Біз көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын жүргізу үшін қаржыландыруды ерте іске қосамыз. Алғашқы 100 млрд теңгеге өтінім қабылдау қараша айында басталады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары сақталады және фермерлер несиелерін бұрынғы шарттармен төлей алады», — деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Айта кету керек, биыл Аграрлық несие корпорациясы көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарына 320 млрд теңге бөлді. 2023-жылы 140 млрд теңге берілген еді.

ҚР Президентінің тапсырмасын орындау аясында, Үкіметтің қолдауымен 2025 жылдың көктемгі егін егу және күзгі жиын-терім жұмыстарына 700 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Оның 560 млрд теңгеге жуығын Бәйтерек ҰБХ АҚ мен Аграрлық несие корпорациясы нарық капиталынан тартатын болады.

Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларының арқасында барынша қолайлы жағдайда қаржылық қолдауға ие болады.

Бірінші. Олар үшін Кең дала 2 бағдарламасы бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталды.

Екінші. Көбінесе АӨК субъектілері Корпорациядан несие алуға келгенде кепілдік жетіспеушілігі проблемасына тап болады. Бұл – ауыл шаруашылығы саласының барлық кәсіпкерлері мен қоғамдық ұйымдар айтып жүрген мәселе.

Мемлекеттік қолдаудың сынақтан өткен механизміне сәйкес «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры кепілдендіретін құрал қолданылады.

Өз кезегінде, Аграрлық несие корпорациясының еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландырады.

Бүгінде көптеген қаржы институттары ауыл шаруашылығын қаржыландырады. Дегенмен, АӨК қаржыландыруды қамтамасыз етудегі негізгі үлес Аграрлық несие корпорациясына тиесілі. Бірнеше жылдан бері Корпорация өз қызметін біртіндеп жақсартып келеді және секторды қаржыландыру көлемін арттыруда.