Қазіргі уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде кейбір мұнай сервистік компаниялар ("Бұрғылау" ЖШС, "West Oil software" ЖШС, "Caspian Food" ЖШС, "Бозашы Транс құрылыс" ЖШС және т.б.) қызметкерлерінің олардың кәсіпорындарын мемлекет меншігіне алуға қатысты, мысалы, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ немесе оның еншілес ұйымдарын сатып алу жолымен өтініштері туралы ақпарат пайда болады.
Бұл ақпарат бойынша Энергетика министрлігі келесіні түсіндіреді.
Мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету мәселелерін шешу біздің еліміздің кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және салауатты бәсекелестік ортаны қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстағы маңызды басымдық болып табылады. Сондықтан мемлекет мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындарды бәсекелестік ортаға, оның ішінде мұнай-газ кешеніне беру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары іске асырылуда, онда "Самұрық-Қазына" холдингінің компаниялар тобы бойынша кезең-кезеңімен шамамен 40 кәсіпорынды жекешелендіруге шығару жоспарлануда.
Осыған байланысты, Мұнай сервистік компанияларды "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ сатып алу жолымен ұлттандыру көзделмейді.
Өз кезегінде, мердігерлік ұйымдардың әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсарту үшін "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ тобының барлық периметрі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.