Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдады

Айдарбек Сапаров аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындысын баяндады:

  • бүгінде егіннің 98%-ы жиналып, 25,2 млн тонна астық бастырылған;
  • орташа өнімділік әр гектардан 15,5 центнерді құрайды;
  • диқандар 1,2 млн тонна қант қызылшасын жинамақ. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар жем-шөп түрлерін де көптеп жинау жоспарланып отыр;

Егін егу және жинау науқанын қаржыландыру көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған. Биыл осы мақсатқа алғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 млрд теңге бөлінген. Қаржы шаруаларға субсидиясыз, тікелей беріледі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп;

  • төмен пайызбен берілетін несиені тиімді пайдаланып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін мемлекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс енгізілген;
  • биылғы 9 айда 796 мың тоннадан астам ет өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5%  артық. Сүт өндіру көлемі 4,2% өсіп, 2,8 млн тоннаны құраған;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту және отандық өнімді өткізу нарықтарын кеңейту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр;
  •  сүт, ет, күнбағыс, күріш, жүгері және қарақұмық өңдеуді 70 пайызға дейін жеткізу көзделген;

Сонымен қатар, министр ведомствоның келесі жылға арналған жоспарын таныстырды:  егістіктерді жедел әртараптандыру жұмыстары жалғасады. Ол үшін суды көп шығындайтын және бір ғана дақыл түрі егілетін алқаптарды азайтып, көбірек пайда әкелетін өнім түрлерін өсіруге басымдық беріледі.